Kyzylorda-news.kz. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мемлекеттік материалдық резервте сақтаудағы, жарамдылық мерзімі өткен тағамдық өнімдерді кәдеге жаратуды жүргізу мүмкіндігін айқындау үшін жүргізіледі. Міне, осындай жауапкершілігі мен қиыншылығы мол қызметте іскерлігімен, тиянақтылығымен еңбек етуде аудан орталығындағы санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының қызметкерлерінің аудан экономикасының нығаюына, ел әлеуетінің артуына қосып келе жатқан қызметі де үлесі де айрықша. Ал, осы орталықта 40 жылдан астам уақыт бойы еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп келе жатқан орталық басшысы Алпысбай Нұрмағамбетұлы Серкешбаевтың қосқан үлесі зор десек артық айтқандық емес.
Іскерлігімен, қызметке деген жауапкершілігімен ерекшеленіп, ұжымдастары мен жерлестерінің құрметіне бөленген Алпысбай Серкешбаев жайлы не білеміз деген сұраққа жауап ретінде оның өмір жолына тоқталсақ. Алпысбай ағамыз Жосалы кентіндегі Нұрмағамбет есімді қарапайым жұмысшының отбасында дүниеге келіп, талай дарын иелеріне құтты білім шаңырағы атанған №105 орта мектептен тәлім-тәрбие алған. Алпысбай Нұрмағамбетұлы мектеп бітірген соң алғашқы еңбек жолын сол жылдардағы мектеп бітірушілер тарапынан ұйымдастырылған комсомолдық жолдамамен аудан орталығындағы механикалық зауытта жөндеуші болып бастайды. Екі жылдан кейін Чехославакия елінде Отан алдындағы азаматтық әскери-интернационалдық парызын атқарады.
«Оқысаң – озарсың,оқымасаң – тозарсың», – дегендей, әскери өнердің қыр-сырын терең меңгеріп, туған елге оралған жалынды жас жігіт балалық арманын орындауда алдымен Шымкент қаласындағы медициналық техникумда «Фельшерлік» мамандық бойынша арнаулы білім алып шыққаннан соң аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігердің көмекшісі болып еңбек жолын жалғастырады. Ал, жылдар өте әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің «Эколог» мамандығы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уинверситетінің «Химия-биология» факультетін тәмамдайды. «Еңбекке жүгірген жанның еншісін Алла береді», – дейді даналар. Жас маман өзінің өміріне серік еткен мамандықтың қыр-сырын одан әрі меңгеруде тәжірибелі мамандардан тәлім алып, олардың еңбек жолын, үлгілі істерін санасына сіңіруде аянбай еңбек етеді.
«Мені алғаш аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансаға жұмысқа қабылдаған Серікбай Аманжолов ағайым еді. Кейіннен ол кісі мен үшін ең қымбат адам, нағыз ұстазым болды. Әрдайым ол елді мекендерге іс сапарға барғанда мені қасына ертіп жүріп, жұмысты қалай істеу керек екенін үйретті. Ұстаздан алған тәлім-тәжірибем кейін сараптама орталығы жеке бөлініп шыққан кезде, яғни мен сол мекемеге директор болып тағайындалғанда көп көмегін тигізді. Сондай-ақ, Флорида Натметша, Зоя Қалиева, Бәтіш Мұғалова, Бердібек Кәрікұлов, Әлдебай Бөгетов сынды аға-апаларымнан тәжірибе алып, санама сіңірдім. Ал, бүгінде сондай атпал да ардақты жандардан алған өмірлік тәжірибемді Жандос Аппазов, Қайыржан Матжанов, Гүлнұр Асқарова, Гүлнар Ерсейітова сынды алғыр шәкірттеріме берудемін. Сонымен қатар, біршама шәкірттерімнің арасында, атап айтқанда Шолпан Байманова, Бибіт Бидаш ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалында жауапты қызметте жүр», – дейді Алпысбай ағамыз
«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», – деп дана ақын Абай атамыз айтқандай, бар саналы өмірін өзі таңдаған мамандығына арнаған білікті сала маманы Алпысбай Серкешбаев қызметте сатылап өсті. Атап айтсақ, 1999 жылы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, ал 2003 жылдан бастап, ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы аудандық бөлімшесінің басшысы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді.
Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді. Мұны мен емес, алдыңғы буан ағалар айтып кеткен. Десе де, көп еңбек еткен адамның бағы да биік, бабы да зор болады және оған бақыт басын иеді. Бұл рас. Еңбегімен бағы ашылып, бақытын тапқан Алпысбай Нұрмағамбетұлының ел алдындағы елеулі еңбегі түрлі марапаттармен көркемделіп, ел алғысына бөленді.
«Білім – адам баласының ортақ қазынасы» деген екен Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұни. Осы ретте, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген ұғымды санасына сіңіріп өскен біздің кейіпкеріміз әрдайым білімін жетілдіруде түрлі семинар мен конференцияға қатысса, бірнеше рет облыс, республикалық біліктілік арттыру орталықтарында білімін жетілдірді. Тақырып бойынша мақалалары аудандық, салалық басылымдарда жарияланды.
«Елге сіңірген еңбек жақсы. Еңбекті елеген ел жақсы», – дегендей, еңбек еткен адамның қашанда мәртебесі арта бермек. Осы ретте, Алпысбай ағамыз өнегелі өмір жолында ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік, салалық және жергілікті биліктер тарапынан көптеген марапаттарға ие болды. Ол екі рет Мемлекет басшысының, бірнеше рет облыс, аудан әкімнің Алғыс хаттарына ие болса, аудан әкімдігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, «Жоғары санатты санитарлық-эпидемиологиялық қызметті ұйымдастырушы маман» атағына ие болды.
Білікті маман Қазақстан дәрігерлері мен провизаторларының ІІ съезіне, бірнеше рет республикалық салалық конференцияларға делегат болып қатысса, Оның есімі Қазақстан Республикасының үздік медицина қызметкерлеріне арналған кітапқа енгізілді. Алпысбай Нұрмағамбетұлы ауданда болып жатқан қоғамдық жұмыстарға да белесене араласып жүрген азамат. Ол аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы және аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі қызметін атқарып жүрген жылдарда көптеген мүгедекке көмегін көрсетіп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына қолдау көрсетті. Сонымен қатар, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде де өңір тұрғындарының мүддесін қорғауда көптеген бастамалардың басы-қасында жүріп, олардың орындалуын жүзеге асыруға еңбек сіңірді.
Аудан тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында 40 жыл аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен, тағаммен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, жұқпалы, паразиттік, кәсіптік арулардың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына айтарлықтай үлесін қосты. Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, бақыт әкелетіні рас. Алпысбай Серкешбаев отбасылық өмірде де бақытын тапқан азамат. Ол өмірлік жары Гүлбанумен бірге 4 ұл-қыз тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңірді. Бүгінде үкілеп өсірген ұрпақтарының барлығы да жоғары білімді. Бақытжаны теміржолшы болса, Бауыржаны заңгер-кәсіпкер. Әлиясы Қызылорда қаласындағы «Еуроазиялық» банкте бөлім меңгерушісі, ал Әзизасы аудан орталығындағы «Халықтық банктің» бөлімшесінде қызмет етеді.