Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласының тұрғыны, 4 баланың анасы сотқа жүгініп, өзін банкрот деп тануды сұраған. Белгілі болғандай, марқұм күйеуі банктен несие алып, оны техникалық қызмет көрсету станциясының қосымша құрылысына және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Дегенмен күйеуі кенеттен қайтыс болып, несие қарыздары мұрагерлік бойынша әйеліне өткен. Қазіргі таңда әйелдің несие бойынша қарызы 8 миллион теңгеден асқан.

Әйел қалалық сотқа берген өзінің ары­зында денсаулығына байланысты жұмыс жасамайтынын, тұрақты табысы жоқтығын, күйеуі қайтыс болғаннан кейін, несиені жалғыз өзі төлей алмай келе жатқанын, отбасында күйеуінің қарт анасын және төрт баласын бағып отырғанын, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан басқа кіріс жоқ екенін көрсетіп, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануды сұраған.

Банк өз пікірінде несие қарызын талап ету құқығы коллекторлық серіктестікке берілгенін білдірген. Ал серіктестік әйелдің несие қарызын өтемей отырғанын көрсеткен. Сот отыры сында әйелдің атына жылжымайтын мүліктер тіркелмегені және әйелдің жұмыс жасамайтыны анықталған.

Әйелдің банк алдындағы несие мөлшері заңнамада белгіленген 1600 айлық есептік көрсеткіштен асқан, банк алдындағы міндет­темелер бойынша қатарынан он екі ай бойы өтеу және жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісі анықталмаған.

Анықталған мән-жайлардың заң талапта­рына сәйкестігі ескеріліп, әйелдің арызы қана­ ғаттандырылып, сот арқылы банкроттық рәсім қолдану туралы шешім шығарылды. Осылайша 4 баланың анасы банкрот деп танылды.

Өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты азаматтар несие міндеттемелері бойынша қарызын өтей алмай, қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда әр істің мән-жайы жан-жақты зерделенеді. Бұл ретте банкрот деп тану туралы рәсімдерді жауап­кершіліктен жалтару мақсатында қолдануға жол берілмейтінін біле жүрген абзал.

 

А.Жанәбілқызы
Фото: kapital.kz

Тағы да оқыңыз: