Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бастамасымен «30 жылға – 30 тұлға» айдары наурыз айында бастау алды.
Бұл айдар Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне және жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтауға сүбелі үлесін қосқан ел азаматтары мен этнос өкілдеріне арналады.
Аталмыш айдар «Қызылорда.Ассамблея» атауындағы «Facebook» парақшасында және «Kyzylorda.assambleya» инстаграм желісінде тұрақты түрде жарияланып келеді.
Бүгінгі күнге дейін Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елге еткен еңбегі, жеткен жетістіктері мен еліміздің рухани жаңғыру жолында қосқан үлестері бар 7 тұлғаның фотосы мен өмірлік жолы жарық көрді. Айдар жыл бойына жалғасын табады. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында аталмыш 30 тұлғаға арналып фотокөрме ұйымдастырылады.
Смаханова Раиса Ханифовна – Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің ардагері. Қазақтың келіні, асыл ана, ардақты әже. 12 немере, 15 шөбересі бар.
Раиса Ханифовнаның облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы қызметін бірнеше жыл абыройлы атқарып, кез-келген мәселеде жас ұрпаққа қол ұшын беріп, биік ұстаным танытып және бірлік пен татулықты берік етіп, рухани жаңғыру жолында қосқан үлесі зор.
Данилина Татьяна Николаевна – «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары. «Надежда» балалар вокалдық ұжымының және «Сударушки» хорының көркемдік жетекшісі болып табылады. Олардың репертуарында орыс, белорус, украин, қазақ тілдерінде көптеген халық, лирикалық әндер бар. «Сударушки» хоры көптеген республикалық, облыстық, қалалық ән байқауларының қатысушылары мен жеңімпаздары.
Татьяна Николаевнаның жұмысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Жергілікті атқарушы органдардың, РФ-ның Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы Өкілдігінің, РФ-ның Алматы қаласындағы Бас консулдығының грамоталары мен медальдарымен жоғары бағаланды.
Татьяна Николаевна екі бала тәрбиелеп өсірді – қызы мен ұлы, немересі бар.
Абдугафарова Манзура Маткаримовна – 1961 жылдың 11 наурызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің белсендісі ретінде жағдайы төмен және көп балалы отбасыларына қайырымдылық көмектерін көрсетіп келеді. Жыл сайын балалар мерекесінде «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып сыйлық үлестіріп тұрады. Көптеген қайырымдылыққа толы ізгі жұмыстарды жасырын жасап, жарияламауды жөн көреді.
Ардақты ана, асыл әженің кез-келген мәселеде жас ұрпаққа қол ұшын беріп, биік ұстаным танытып және бірлік пен татулықты берік етіп, рухани жаңғыру жолында қосқан үлесі зор.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Қазақстан өзбектері этномәдени қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының «Дустлик» медалімен марапатталған.
Семеникина Мария Райнгольдовна – 1960 жылы 9 қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.
1967-1977 жылдары Қазалы қаласындағы №16 орта мектепте оқыған. Мектепті бітіргеннен кейін Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне «биология және химия мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Мария Семеникинаның еңбек өтілі – 35 жыл.
Педагогикалық жұмыстағы жетістіктері үшін 2005 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, 2015 жылғы сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған медалімен, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық білім басқармасының, Қалалық білім бөлімінің грамоталары, дипломдары бар.
Оның оқушылары пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, қашықтық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Неміс этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары.
Үш ұл тәрбиелеп отырған асыл ана, немере сүйіп отырған ардақты әже.
Ким Юрий Федорович – «Қазақстан корейлері қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. 1942 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ол облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шараларына, жастардың спорттық өміріне белсенді қатысып келеді.
«Ең бастысы, мен әрқашан өз еліме, халқыма қажет нәрсені сезіндім және бізді этникалық құрамы бойынша емес, елімізге сіңірген еңбегіміз үшін бағалады. Қазақстан көпэтносты мемлекет. Біз бәріміз осы берекелі жерде, ортақ шаңырақтың астында, еркін елде достықта, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Мұнда менің балаларым, немерелерім дүниеге келді. Мен өз өмірімді тек Қазақстанмен, сүйікті Қызылордаммен байланыстырамын!»- дейді Юрий Федорович.
Домбаев Хусаин Увахатович – 1956 жылы 14 мамырда Талдықорған облысы Каналский ауданы Көшкентал ауылында дүниеге келген.
1979 жылы Шешен-Ингуш автономиялық республикасында Грозный қаласында “Кең бейінді инженер-құрылысшы” мамандығы бойынша Мұнай институтының Құрылыс факультетін бітірген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. ҚХА-ның «Бірлік» медалімен марапатталған. ҚР Үкіметінің «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Хусаин Увахатович үш баланың әкесі, немере сүйіп отырған асыл ата.
Әбішев Сайлаубай – Қызылорда қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.
Республиканың экономикалық, мәдени саласын дамытуға белсене қатысқаны үшін Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиуымының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, «Астана қаласына 20 жыл», «Тың өлкесінің егін орағына 10 жыл» мерекелік медалімен, Қазақ ССР халықтық бақылау комитетінің Құрмет Грамотасымен, ВЛКСМ Орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі үшін» арнайы белгісімен екі дүркін және де көптеген мадақтау грамоталарымен наградталған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс Хатымен бес дүркін, Орталық Комитет Хатшысының Алғыс хатымен, «Нұр Отан» ХДП Құрмет Грамотасымен екі дүркін, партиядағы белсенді қызметі үшін арнайы төс белгісімен, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне – 30 жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл», Ы.Жахаев атындағы,Ғани Мұратбаев атындағы және де көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
«Асыл қазынам – өмір сабағы» атты мемуарлық-ғұмырнамалық кітабының авторы, халықаралық жазушылар одағының мүшесі, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы».
Шиелі ауданының бұрынғы «Қызылту» колхозының Ыбырай түбегіндегі күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд жасалған жерге ескерткіш орнату идеясын айтқан да, орнатқан да автор.
Сайлаубай Әбішев үш қыз, екі ұл өсірген ардақты әке, алты немеренің атасы.