Kyzylorda-news.kz. Берекелі Рамазанның құрметіне бастау алған «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы Шиелі кентінде жалғасты.
Аудан орталығында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт апаты орын алып, көпбалалы жалғыз басты ананың баспасын тілсіз жау жалмаған еді.
Мүшкіл күйге түсіп, далада қалған жанұяның тілегін ескерген ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне қарасты Шиелі аудандық орталық мешіті, «Зекет және қайырымдылық» қоры белсенді жамағатпен бірге көмек беруге асықты. Нәтижесінде, су жаңа үйден кем қылмай, санаулы уақыт ішінде толықтай қалпына келтіріп берді.
Күні кеше ғана балалар рамазанның кезекті кешін өз пәтерлерінде қарсы алды.
Қоныс тойға арнайы барған облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастаған дін қызметкерлері мен мешіт жанашырлары көпбалалы ананы қуанышымен құттықтады.
«Ел үлесі пәтерге» республикалық жобасының кезекті қоныстойында бас имам Болатбек Абуов аудандағы белсенді азаматтар мен демеушілерді алғыс хатпен марапаттады.
Айта кету керек, қор бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Мұқтаж жандарға азық-түлік, отын-көмір, киім-кешекпен және қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл жерде көпбалалы аналар ғана емес, көмекке шын мұқтаж отбасылар да басты назарға алынады. Мысалы, бір бағытта ұстанатын қорлар бар. Олар мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі балалар, науқас адамдармен ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал, «Зекет және қайырымдылық» қорында ондай шектеу жоқ. Көмекке мұқтаж адамдардың бәріне қол ұшын созуға дайын.
