Мәліметтерді қорғау күні

Жеке мәліметтерді қорғау туралы конвенцияға сәйкес 28 қаңтар Мәліметтерді қорғау күні болып белгіленді. Бұл күнді өткізу мақсаты азаматтардың өздері туралы қандай мәліметтер не үшін жиналып жатқанынан хабардар ету болды. Бұл күн 2007 жылы белгіленді және алғаш рет аталып өтті.

1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі Асқар Тоқпанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы жанынан театр факультетін ашты, 1977 жылы оның базасында Алматы театр-көркемсурет институты ашылды.

1989 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтына Қазақстанның тұңғыш халық ағарту комиссары, мәдениет пен өнерді дамытуға сүбелі үлес қосқан Темірбек Қараұлы Жүргеновтің есімі берілді. 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институты Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 ақпандағы №236 қаулысына сәйкес, бұрынғы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты мен Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы негізінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы құрылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады.

1994 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында ұлы Абайдың шәкірті, ақын Көкбай Жанатайұлы атындағы қор ашылды.

1994 жылы «Қазақстан-Заман» бірлескен қазақ-түрік газетінің базасында қазақ тіліндегі халықаралық тәуелсіз апталық – «Түркістан» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Бірінші бас редакторы – Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов.

2011 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Болашақты бірге жасайық!» Жолдауын таныстырды.

Тағы да оқыңыз: