Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні

2005 жылдың 1 қарашасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекіткен. 1945 жылы қаңтардың 27-сінде Освенцим концлагері тұтқындары азат етілген бұл күнді бірқатар елдер атап өтеді. Освенцим концлагері 1940 жылы саяси тұтқындар үшін салынды. Темір жол торабына жақын орналасқан лагерьде 40-қа жуық түрлі нысан – барактар, газ камералары, крематорийлер мен адамдарға тәжірибе жүргізілетін зертханалар болды. Күн сайын мұнда мыңдаған адам тиелген бірнеше эшелон келетін. Оларды жою үшін нацистер Циклон-Б улы газын ойлап тапты. Освенцим «ажал фабрикасы» деген атқа кездейсоқ ие болған жоқ. Лагерь жұмыс істеген 5 жылдың ішінде мұнда 28 ұлттың 1,5 миллион адамы қаза болды. 1979 жылы ЮНЕСКО концлагерьді халықаралық маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізді.

1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс басқармасының бұйрығымен Қазақ мемлекеттік жобалық және ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бөлімі базасында Қазақ сейсмикалық төзімді құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық институты («ҚазСҚҒЗИ») құрылды. ҚазСҚҒЗИ-дің алғашқы директоры болып инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Төлеубай Жүнісов тағайындалды.

1992 жылы Өскемендегі мыс-қорғасын комбинатында салмағы 10,5 кг Қазақстанның тұңғыш алтын кесегі өндірілді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Давоста (Швейцария) өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты. Форум барысында болып өткен көптеген кездесулердің арасынан Елбасының Еуропаның бірнеше мемлекеті, Америка, Азия мемлекеттерінің басшыларымен және бірнеше ірі халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесуін атап өтуге болады. Әңгімелер барысында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі «Қазынашылық» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы ашық инвестициялық қорды тіркеді.

2006 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамы Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығына арналған «Бейнелеу өнері» сериясының пошта маркасын айналымға енгізді. Маркада суретшінің 1928 жылы салған Абай портреті бейнеленген. Соңғы 10 жыл төңірегінде Г.Ысмайлованың «Қыз Жібек», С.Калмыковтың «Фантастикалық натюрморт», Х.Наурызбаевтың «Шопан портреті», Ж.Шәрденовтің «Биік таулар», М.Кенбаевтың «Асауға құрық салу», А.Ғалымбаеваның «Кеседегі қымыз», С.Айтбаевтың «Бақыт» сияқты туындылары «Бейнелеу өнері» сериясымен пошта маркаларында бейнеленген болатын.

2011 жылы Мемлекет басшысы «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.

2012 жылы «Қазпошта» АҚ «Ескерткіш, мерейтойлық даталар және мерекелер» сериясында көрнекті мемлекет және партия қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған көркемсуретті пошта маркаларын айналымға шығарды.

Тағы да оқыңыз: