Kyzylorda-news.kz Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді алу тәртібі өзгереді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ведомство мәліметінше, Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтардың тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына көмектесу.
Жаңа тәртіп бойынша жұмысынан айырылған адам алдымен мансап орталығына жүгінуі керек.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылған. Осы уақыт аралығында мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұдан кейін де мансап орталығы жұмыс іздеуді жалғастырады. Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылады.
– Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтініш бере аласыз. Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Ұялы телефоныңызға келген SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті де пайдалана аласыз. Бұдан бөлек, мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып, өтініш бере аласыз, – делінген министрлік ақпаратында.
2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем азаматтың белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Оның төлену ұзақтығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады және 3 айдан аспайды.
Ал төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды. Бұл ретте есепке алынатын орташа айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Министрлік аталған төлемді бұрынғыдай міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ғана ала алатынын ескертті.
Сонымен қатар әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін де мансап орталығы азаматқа лайықты жұмыс іздеуді жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемнің мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айға дейін қысқаратыны хабарланған еді. Ал 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба іске қосылған.
Фото: Еңбек министрлігі
