Kyzylorda-news.kz Дубайдағы шоколад фабрикалары толық қуатта жұмыс істеуде. Олардың өнімін қазақтар талап әкетуде…

Дубайдан жеткізілетін атышулы шоколадтың бағасы 20 мың теңгеге жетіп отыр, ал оның шынайы құндылығы бұл соманың жартысына да татымайды.

DALA INSIDE шоколадқа құмартқан кейбір қазақтардың соған бола соңғы тиынын санап беріп жатқанына қайран қалуда. Осынау құбылыс халықтың тұтыну мәдениетін ғана емес, сонымен бірге елдің қаржылық сауаттылығы қандай деңгейде екенін көрсетеді.

Шоколадқа жұмсалған 20 мың теңге, бір ғана тұтынушы тұрғысынан елеулі болмауы мүмкін. Бірақ, мұндай транзакцияның саны еселенген сайын, бұл миллиондаған теңгенің шетелге ағуына алып келеді. Шетелдік тауарға тәуелділік ұлттық капиталдың ішкі нарықта тұрақтауына кедергі жасайды.

Қазақтан үшін Дубайден жеткен шоколадтар белгілі бір әлеуметтік статустың белгісіне айналған. Оның дәмі сол 20 мыңның өзіндік құнын ақтай ма, мәселе онда емес. Мәселе, сіздің әлемжелідегі статусыңызға инфляциясыз өсім беретін шоколадтың өзінде болып тұр.

Мұндай психотипке ие адамдар үшін қаржылық тұрақтылық немесе жинақ жасау маңызды емес. Олардың психологиясы көбіне қоғамның көзқарасына тәуелді. Егер әлемжеліде немесе таныстар арасында «Дубайдан шоколад әкелу» трендке айналса, олар да солардың қатарынан қалғысы келмейді.

Бұл «қазақтарда ақша бар, бірақ оны қалай жұмсауды білмейді» дегеннің пікірдің классикалық үлгісі. Шоколадтың құнына көз тастай отырып, тек бір ғана сауал қоя аламыз: қазақтардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Брендке, мәртебеге, ең бастысы, сыртқа кетіп жатыр.

Мұндай трендтің кең таралуы тұтыну мәдениетінің дұрыс бағытта дамып жатпағанының айқын көрінісі.

20 мың теңге – бұл символ. Бұл қарапайым шоколадтың құны емес, Қазақстан экономикасының өзін көрсету тәсілі. Біз өндірмейміз, біз сатып аламыз. Біздің ақшамыз шетелге кетеді, ал сол шетел бізді одан сайын «сатып алуға» итермелейді.

Дамыған елдерде адамдар қымбат заттарды сатып алудан бұрын оның құндылығы мен тиімділігін есептейді. Қымбат шоколад немесе сән-салтанатқа деген сұраныс оларда жоқ емес, бірақ олардың сатып алу әдеттері біздің елдегі үрдістен бөлек. Олар үшін шынайы байлық — материалдық заттарда емес, қаржылық тәуелсіздікте және өмір сүрудің сапасында.

Мысалы, АҚШ-тағы «жайлы өмір сүру» философиясы көбіне қарапайым, бірақ сапалы заттарды таңдаумен байланысты. Байлардың өзі люкс заттарды сатып алуда аса сақтық танытады, себебі олардың материалдық жетістігіне назардан гөрі, қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылық маңыздырақ. Бұл елдерде қарыздан сақтану принципі кең таралған.

Сәнді тұтынушылық емес, жеке қаржылық сауаттылық пен жинақтар, тәуелсіздік және болашаққа инвестициялау олардың байлықтарының негізгі құндылықтары.

Айталық, Швецияда «лагом» деген тұжырым бар, бұл – «жеткілікті» деген мағынаға саяды. Шведтер өз өмірін қарапайым және үнемді өткізіп, қажетсіз шығындардан қашады. Бұл философия біздің елде кездесетін шектен тыс тұтынушылық мінез-құлыққа мүлдем қайшы.

Дубай — туристердің Меккесі. Шоколад сияқты тауарды сатудың негізгі нарығы туристер. Басқаша айтқанда, шоколадтың өзіндік құны су тегін болар, бірақ оған туристік индустрияның қосатын құны оны 20 мың теңге деңгейіне дейін шарықтатып отыр. Бұл жерде басты байып жатқан — шоколад фабрикаларының өзінен гөрі, бөлшек сатушылар мен маркетингтік агенттіктер.

Айтқандай, Дубайдағы шоколад нарығы 2023 жылы шамамен 736 миллион АҚШ долларын құрап, жылына 5,2%-ға өсіп келеді.

Қорыта келе, Дубайдан әкелінген 20 мың теңгелік шоколад бұл жай ғана тауар емес. Бұл біздің қаржылық мәдениетіміздің айнасы, және бұл айнаға қарап, өзімізді қайта бағалау қажет. Тәтті шоколад, әрине, өмірдің бір қуанышы, бірақ қаржылық жауапкершілік одан да маңызды.

Фото: astanatv.kz

Тағы да оқыңыз: