Kyzylorda-news.kz Өткен күнде белгі жоқ десек те, өмір өткен күндермен қатар, есте қалған кезеңдерден құралады. Адамның есте қалған кезеңдері–айналасына тигізген шапағаты, ел үшін сіңірген еңбегі ұмытылмайтын ардақты істері. Біздің де сөз еткелі отырғанымыз Отан үшін от кешкен оғаландарды ардақтау һәм олардың ерліктерін ұлықтау. Жеңіс күнін жақындатқан барлық жауынгерлердің ішінде бұрымдылардың да еңбегі ерен. 1941-1945 жылғы бүкіл адамзаттың мәңгі есінде қалатын, баланы әкесіз жылатқан, ананы перзентсіз аңыратқан, келіншекті жесір қалдырып зарлатқан, сұм соғыс жаңақорғандықтардың да жүрегіне от салды. Сұм соғыста ерлермен қатар әйелдер де қару ұстап, жеңісті жақындада түсті. Солардың бірі – Разия Ысқақова.
Дерек көздеріне қарағанда, Разия Ысқақова 1922 жылы Жайылма ауылында дүниеге келеді. 1938 жылы Шымкент қаласындағы Медициналық училищеге оқуға түседі. Оны 1941 жылы үздік бітіріп, фельдшер мамандығы бойынша жұмысқа араласады. Осы кезде екінші дүние жүзілік соғыстың негізгі майданы басталады. Отаншыл қазақ қызы соғыс комиссариятына өз еркімен барып, соғысқа сұранады. Осылайша 1941 жылдың қазан айында әскери-фельдшер болып, соғыс майданына аттанады.
Сол кезде Разия 19 жаста еді. Ол атақты Сталинград қанды қырғын шайқасында фельдмаршыл Паульестің армиясының толықтай талқандалуына қатысады. Кейіннен Харьковті, Киевті, Варшава қалаларын азат етуге қатыса жүріп, жараланған Совет солдаттарын жау оқғының арасынан алып шығып, ерлік жасайды.
Берлин шайқасына да қатысады. Сталинградтан басталған соғыс жолымен Берлинге дейін барған РазияБранденбург қақпасында өмірлік жолдасы Қали Әлиярұлымен кездеседі. Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерен еңбегі үшін Дүниежүзілік Халықаралық Қызыл Крест комитетінің жоғарғы наградасы «Флоренс Найтингель» медалімен Қазақстан бойынша 3 фельдшер марапатталса, соның бірі – Разия Ысқақова еді.
Совет Одағы Разияның жасаған ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, тағы да басқа бірнеше медальдармен марапаттады. Елге жеңіспен оралған Разия Ысқаққызы зейнеткерлікке шыққанға дейін, Шымкент қаласындағы №2 емханада медбике қызметін атқарды. Қазіргі кезде Разияның суреттері мен өмір жолдары жайлы құжаттар Лондон мен Москвада, Көкшетау мен Шымкент мұражайларында тұр. Ұлы Отан соғысының ардагері Разия Ысқаққызының ерліктеріне тиісті бағасын беру, аудан әкімдігі мен аудандық әскери комиссариаттың құзырында. Қорыта айтқанда, сол бір сұм соғыс жылдарындағы отты күндер адамзат санасынан еш өшпек емес, себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа буын ұрпаққа өсиет. Жеңісті жақындатқан жауынгерлерге қандай құрмет көрсетсек те лайықты.
Әке өсиеті бізге азық
Әкем Оразбайұлы Пернебек ұлы отан соғысының ардагері 1913 жылы 17 мамырда Төменарық аумағында қазіргі Қожамберді ауылында дүниеге келген. Әкем де өздерінің тағдырластары, замандастары сияқты тағдырдың басына салған барлық қиындықтарында қайнап піскен шыңдалған. Ұлы отан соғысына бастан аяқ қатысқан. Көрсеткен ерліктеріне қарай, «За отвагу» белгісімен, Берлинді Будапешті алғаны үшін, басқа да орден-медалдарымен марапатталды. Соғыстың алдында ауданда алғаш құрылған «Елтай» колхозына мүше болып, әр түрлі жұмыстар атқарады. Аяулы әкем, соғыстан елге оралғаннан кейін, соғыстан елге оралғаннан кейін, өзінің жұмыс істеген «Елтай» колхозында ауыртпалығын көріп, әбден ысылған әкеміз бұл жұмыста өзін жақсы қырынан көрсете білді. Фермада мал және егін шаруашылығы қатар дамып, ел арасында беделі арта түседі. Одан кейін бригадирлік қызметіне жіберді. Мұндада жемісті еңбек етеді. «Жақсының сөзі де, жақсы өзі де жақсы» деген осы шығар, жақсы әке балаға 40 жыл азық дейді. Бұл сөздің төркінде үлкен мән жатыр. Әкеміз артында ұрпақтарына өнегесі , тәрбиесі аты, атағы абыройы қалды. Мұның бізге 40 жыл азық болатыны ақиқат әкем, анамыз екеуі 6 қыз, 5 бала тәрбиелеп өсірді.
Анамыз «алтын құрсақты» ана. Әке шешеміз өте тату тұрды. Анамыз өте бейнетқор адам еді. Әкем өте мейірімді жылы шырайлы, жан-жағына шуақ шашып тұратын жан еді. Әкемнің бір өсиеті бізге өтірік айтпаңдар, ұрлық істемеңдер, кісі жоқ үйге кірмеңдер деп айтып отыратын. Қан майданда қан кешіп, соғыста от пен өлімнің арасында жүрсе де, сабырлы болатын.
Соғыстан кейінгі жылдары майдандас достарымен хат алысып тұратын. Бір күні Досмағанбетұлы Рақымғали деген досынанхат келді. Онда қанды көйлек майдандос Пернебек аға барсыз ба деген хатын оқып көзінен жас шығып кетті. Ол кісі Саратов облысы, Чайыклонский ауданы, Чайыкла ауылынан екен. Әкесі Оразбай шешесі Қалдығыз қарапайым шаруа кісілер болған. Әкем өте бауырмал туыс – туғандарын өте жақсы көретін. Әкем соғыста жүріп, жаралы болып, анасы мен туған-туысына, бауырларына өлең арнаған екен.
Қымбатты хат күтемін қатар достан,
Болашақ іс жайында ақыл қосқан,
Ел жақтан ешбір хабар сезілмейді,
Жарқырап тұрсадағы мөлдір аспан.
Қиындық кездессе де ауыр нелер,
Ерлікпен соғысып жүр жауынгерлер.
Сұм фашист ұры иттей кейін қашты,
Халқымыз қуанышқа бізді бөлеп.
Дүйсебек, Құрмаш және Шертай інім,
Арқасүйер бар еді, басқа кімім,
Туған анам қалдықыз аман жүр ме,
Уайыммен өткізіп әрбір күнін.
Жолдасбек ағам еді Нұрбекпенен,
Олар да жүрген шығар дүрмекпенен,
Шауланбек оқу оқып, хат таныпты,
Ғұлама болсын елі құрметтеген.
Миномет, зеңбірекпен атой салып,
Жау жақты снарядпен ұрдың анық,
Самолет көктен жерге шүйілгенде,
Сұм фашист жатты, жайрап есінен танып.
Жау тұмсығын батырмай туған жерге,
Талқанын шығарамыз жеме-жемде,
Аман-сауі жолығармыз туыстарым,
Мың сәлем Пернебектен туған елге.
Әкем көзі тірісінде бұл өлеңін Нартайдың әніне салып, гормошкамен айтатын. Әкем 1978 жылы 29 маусымда қайтыс болды. Ұл-қыздары бүгінде бәріміз бір-бір шаңырақ иесі атанып, ұрпақ жалғастырып отырмыз.
