Kyzylorda-news.kz Күні кеше желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тараған еді. Бүгін журналист Руслан Өтепбай суреттің тарихын Құндыздың өзінен сұрап білді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Онда журналист Құндыздан “Суреттегі сен бе? Сені кім бұлай байлап тастады?” деп сұрайды. Сонда Құндыз “Мама істеді. Зүлфия мама істеді” деп жауап береді.
Құндыздың айтуынша, ол осындай күйде ұзақ уақыт бойы жатқан.
“Мені байлап жатқанда Зүлфия мама осында болды”, - деді Құндыз.
Ал Зүлфия Төлегенованың өзі Құндызды байламағанын айтып, бұл деректі жоққа шығарып отыр.
“Мен оны байлаған жоқпын, тек “Құндызды үйге алып кіріңдерші” дедім. Оның байланған күйін өз көзіммен көрген жоқпын”, - деді Зүлфия Төлегенова.
Құндыз Руслан Өтепбайдың сұрақтарына жауап беріп, аузының да скотчталғанын, байлаулы жатқан кезінде денесінің ауырсынғанын жеткізді.
Таня есімді тұрғын да Руслан Өтепбайдың сауалдарына жауап берді.
“Құндызды Әділхан байлады. Ол кезде мама үйде болмады, Алматыда болды”, - деді ол.
Ал Құндыздың өзі оны байлаған сәтте Зүлфия Төлегенованың үйде болғанын нақты айтты.
Фото: Видеодан скриншот
