Kyzylorda-news.kz.  Қазақстанда қазаннан бастап бірқатар өзгеріс болады. 25 қазан — Республика күні болып бекітілді. Сондай-ақ, салық, депозит тақырыптарына қатысты да жаңалықтар болады. 

Қазанда қазақстандықтар қанша күн демалады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған еді. Осыған орай 25 қазан — Республика күні болып белгіленді. Ал қазақстандықтар биыл Республика күнінде 3 күн, қазанның 23-25 күндері демалады.

Қазанда ауа райы қандай болады?

Күзге арналған ауа райы болжамына сәйкес, алғашқы екі айда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанған. Қыркүйек пен қазанда жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз болады, яғни көбіне құрғақ болады.

Қазанда депозит бойынша ең жоғары көрсеткіш бекітілді

Отбасы банкі 1 қазаннан бастап жылдық пайыздық мөлшерлемені өсіреді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 7 пайыз болса, енді 11,5 пайызға дейін көтеріледі. Осы арқылы банк жинақ мәдениетін қалтастыруды көздейді. Бұл туралы QAZAQSTAN телеарнасының сюжетінде айтылған.

«Отбасы банк» өкілдері бұл өзгеріс мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алғысы келетіндерге қатысы жоғын айтқан. Бұл тек аралық тұрғын үй несиесіне сараланған пайыздық мөлшерлемелерге қолданылады. Яғни, үй құнының 50 пайызын жинап, депозитте ай сайын қаражат салмаған, бірақ бірден үй сатып алғысы келетіндерге қатысты болады.

Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

1 қазанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелеріне 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Дегенмен елімізде 1,7 миллион меншік иесі салық міндеттемесін әлі орындамаған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлаған. Сондықтан ведомство 2022 жылғы 2 қазаннан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жібереді. 1 айлық есептік көрсеткіштен аса берешек сомалары бойынша хабарлама жіберілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі. Жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу секілді қолайсыздықтарды айтпағанда, салық берешегі сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.

Тауар тасымалдау ережелері өзгереді

Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті мәліметінше, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың қолдануына арналған тауарды бажсыз әкелу нормасы төмендеген. 2022 жылғы 28 сәуірден бастап қолданыста болған норманы ұлғайту туралы уақытша шешімнің күші жойылады. 

«1 қазаннан бастап шекараны кесіп өтетін азаматтар 500 евродан аспайтын (қазір — 1000) және салмағы 25 келіден аспайтын (қазір — 31 келі) тауарды бажсыз әкеле алады. Көрсетілген шектен асқан жағдайда құнның 30 пайызы мөлшерінде баж төлеу керек, мөлшерінен асса, 1 келі үшін кемінде 4 еуро төлеу керек», — деп түсіндірген Департамент өкілдері.

Тасымалдаушы жеткізетін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарға қатысты 2022 жылғы 1 қазаннан бастап тауардың құн шарттары 1000-нан 200 еуроға дейін төмендейді. Бұл жағдайда салмақ шегі қолданыстағы шекте қалады, яғни 31 келіге дейін.

Темекі тасымалдауға қатысты шекті мөлшер де өзгеріссіз қалады — 200 темекі немесе 50 сигара (сигарилла) немесе 250 грамм табака. Сонымен қатар, 18 жасқа толған бір жеке тұлғаға есептегенде, жалпы салмағы 250 граммнан аспайтын тізімде көрсетілген өнімдер болады.

Алкогольді бажсыз әкелу нормасы өзгеріссіз қалады, 18 жасқа толған бір жеке тұлғаға есептегенде, 3 литрге рұқсат беріледі.

20 мың теңгелік жаңа банкнот айналымға шығады

1 қазаннан бастап Ұлттық банк номиналдық құны 20 мың теңгелік банкнотты айналымға шығарады.

Банкнот айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған. Мысалы, бет жағында көбіне тігінен орындалған бейнелер, сырт жағында көлденең орындалған бейнелер орналасқан. Дизайны номиналдың голографиялық бейнесі тігінен орналасқан металсыздандырылған жолақты қолдана отырып жасалған.

Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар, мөлшері 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген.

Massaget

Тағы да оқыңыз: