Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 524 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.

Атап айтқанда, ИКИ 5 жобаға 1 млрд. теңге қаралса, бір ауыз су, кәріз жобасына 1,1 млрд. теңге, 5 газдандыру жобасына 2,8 млрд. теңге, бір тұрғын үй жобасына 600 млн. теңге, үйлерді қайта жаңғырту жобасына 30 млн. теңге, 17 жол жобасына 1,8 млрд. теңге қаржы қаралған.

Сонымен қатар құны 15,9 млрд. теңгені құрайтын 65 жоба ұсынылған.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша жалпы құны 15,9 млрд. теңге болатын 65 жоба ұсынылды. 31 жоба қысқа мерзімді, 24 жоба орта мезімді, 10 жоба ұзақ мерзімге белігіленді. Сонымен бірге, 7,3 млрд. теңге болатын бірінші кезекті қажетті 30 жоба іріктеліп, жоба сметалық құжаттары демеушілер есебінен дайындалды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 524 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Аудан орталығындағы №45 мектептің, Бидайкөл елді мекеніндегі №148 орта мектептің, Ы.Жақаев елді мекеніндегі №149 орта мектептің бу қазандықтарын қайта жабдықтап, газға ауыстыру жұмыстарына 104 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Бала би елді мекенінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына 377 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – дейді Нұржан Ахатов.

Сондай-ақ Шиелі кентіндегі Көкшоқы спорт клубының жабық ғимаратына 105 млн. теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.

Аудан әкімінің айтуынша, Байсын елді мекеніндегі 250 орындық №207 мектептің құрылысына 762 млн. теңге қаржы қаралып, биылғы жылға 180 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

«Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданымызда «Нұрлы жер» мелекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысының жұмыстары жүруде», – дейді аудан әкімі.

Тағы да оқыңыз: