Kyzylorda-news.kz. Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінің тұрғындары Қостанай халқына көмек қолын созды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Байқоңыр филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Есбенбетов хабарлады.
Қостанай облысындағы орман өртін, ондағы халықтың қиын жағдайын Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінің жұртшылығы ауыр күйзеліспен қабылдады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өрттен жапа шеккендердің қиын жағдайына бей-жәй қарамай, олардың қалыпты өмірге жақын күндері қолжеткізуіне байқоңырлықтар, Төретам және Ақай тұрғындары барынша жәрдем беріп жатыр. Осы тұста, «AMANAT» партиясы Байқоңыр филиалы Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созу үшін жедел іске кірісіп кетті.
Кеше партияның Байқоңыр филиалының ұйымдастыруымен қостанайлықтарға көмек көрсету мақсатында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы гуманитарлық көмек қабылдау орталығына ең қажетті заттар жеткізілді.
«Апат айтып келмейді» дейді дана халқымыз. Мұндай жағдай кез келген елде, кез келген өңірде орын алуы мүмкін. Қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созу адамгершіліктің ғажап үлгісі, ұлттық дәстүріміз арқылы біздің сүйегімізге сіңген қасиет», – дейді Мақсат Есбенбетов.