Kyzylorda-news.kz. Биыл Балалар жылы аясында «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен акция өтіп жатыр.
Науқан биылғы жылдың 31 тамызына дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез-келген адам көмектесе алады.
Ағымдағы жылғы 13 тамызда Балалар жылына орай Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында және 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері арасында қайырымдылық веломарафоны ұйымдастырылды.
Бүгін қайырымдылық веломарафонынан түскен қаржыға Қызылорда қаласындағы «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» Қоғамдық қоры жанындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін «Қамқорлық» дағдарыс орталығындағы» бес ананың мектеп жасындағы 14 баласына киім-кешек сатып алынды.
Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері балаларға қажетті мектеп формаларын-киімдерді балалардың аналарына тапсырды.
Айта кетейік, Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы осындай қайырымдылық іс-шараларына әрдайым белсене атсалысады.

