Kyzylorda-news.kz  БҰҰ деректері бойынша дүние жүзіндегі әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды, ал әлемде оның әр алуан түрлерінен зардап шеккен 1,3 млрд адам бар. Бұл туралы кеше №290 орта мектептің коваркинг орталығында әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.

   Тақырыпты тізгіндеуші бастауыш сынып мұғалімі Әселхан Зұлхарнаеваның айтуынша, бүгінгі таңдағы әсіресе үлкен актуалды мәселеге айналып отырған цифрлық кеңістіктегі қысым мен қатерден, кибербуллингтен, зорлық-зомбылықтан ешкім сақтандырылмаған. Бұл туралы біліп қана қоймай, алдын алу шараларын жүргізу өте маңызды. 

«Анаға тағзым» орталығының психологы Ақшарбат Бақытжанқызы өзі жұмыс істейтін орталықта бұл мәселеге байланысты іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілетінін айтты. Отбасындағы зорлық-зомбылық, оқушыларды цифрлық кеңістіктегі түрлі қауіпті ойындардан қорғау тақырыптарында видеоөнім ұсынды. 

“Kyzylorda news” ақпараттық агенттігінің бас редакторы Айжан Жұмабекқызы балаларды қолындағы смартфоннан келетін цифрлық қауіп-қатерден қорғаудың бірден бір балама жолы ол ерте жастан мерзімді басылымдармен таныстырып, жүйелі түрде оқуға дағдыландыру деген мәселені алға тартты. 

«Ақпарат деген не, оның жақсы-жаманы қайсы, анық не жалғаны қайсы, қандай сұрақтармен бетпе бет келгенде бала қауіп-қатерді сезіну керек, мұның барлығы да ерте жастан сыни ойлау дағдысын қалыптастыруға байланысты. Сыни ойлау – барлық қауіптің, әсіресе цифрлық кеңістіктегі қауіптің алдын алады», – деді ол.

 Мектеп психологы Айжан Асарбекова мұғалімдердің өзі де бұл мәселеде басын қорғай алу керектігіне назар аудартты. «Мұны дер уақытында айту, дабыл қағу өте маңызды» – деді.

   Дөңгелек үстелді №290 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Есқабылова қорытындылап, қонақтарға, қатысушыларға алғыс білдірді.

                                                                                                                                                                                                                        «Kyzylorda news»

Тағы да оқыңыз: