Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында күніне 1 мың әлеуметтік нан 36 сауда үйі мен дүкенге жеткізіліп, 75-85 теңгеден сатылуда. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы брифингте баяндады.

«Бүгінгі таңда күніне 1 мың дана әлеуметтік нан ауданның 36 сауда үйлері мен дүкендеріне жеткізіліп, 75-85 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігінің «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алған шараларына сәйкес «РЗА-Нан» ЖШС оператор болып, Корпорациямен шарт жасасты. Мамыр айынан бастап оператор арқылы 128 тонна ұн алынып, меморандумға отырған 5 наубайханаға таратылды», – дейді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Сонымен қатар баспасөз мәслихаты барысында аудан әкімі егіс көлеміне де тоқталып өтті.

«Биыл ауданда 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сондай-ақ, есепті кезеңде ауданнан Ресей, Украина, Ирак, Тәжікстан, Монғолия, Түркия, Германия, Қытай, Нидерланды, Дания елдеріне 3539,5 тонна, оның ішінде 2421 тонна күріш, 557 тонна балық, 561,5 тонна қамыс ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды», – деді Мұхтар Оразбаев.

Тағы да оқыңыз: