Халықаралық таулар күні

 2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік – таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранмен өткізіледі. Таулар жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатыр, онда әлем халқының 10 пайызға жуығы мекендейді. Бұл – өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрлері үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.

Демікпенің дүниежүзілік күні

Қолқа демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты – денсаулық саласындағы күрделі проблемалардың бірі болып саналатын демікпе дертінің себеп-салдарларымен халықты жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау. Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.

2005 жылы Астанада Қазақстанның Ұлттық банкі күміс монеталардың үш коллекциясын сатуға шығарды. Бұл – номиналдық құны 500 теңге болатын 3 мың дана «Жайран», 3 мың дана «Жошы ханның кесенесі» және 5 мың дана «Жолбарыстың басы» монеталары. Монеталар арнайы қорапқа салынып, олардың сапасы сертификатпен расталған.

2012 жылы Астанада «Орталық Азия және Ауғанстан кәсіпкер әйелдерінің бизнес-қауымдастығы» құрылды. Қауымдастық құрудың негізгі мақсаты -Орталық Азия мен Ауғанстан кәсіпкер әйелдері арасында мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты жолға қою.

2015 жылы «Қазпошта» АҚ қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің халықаралық ғарыш станциясына ұшу сапарына арналған марканы айналымға енгізді. Бес мың таралыммен айналымға енген марканың құны – 300 теңге.

Тағы да оқыңыз: