Дәл қазіргі таңда халықтың табысын арттыру мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін де табысын арттыру керек. Ал оның негізгі әрі төте жолы тұрғындарды жұмыспен қамту болып табылады. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «10 мың адамға 100 жұмыс орнын» құру туралы әкімдерге берген тапсырмасы бар. Президент пәрмені Қызылордада қалай орындалып жатыр? Бүгін облыстағы жұмыспен қамту бағыты бойынша атқарылып жатқан нәтижелі тірлік пен республикалық деңгейде ұйымдастырылатын шараларды зерделейтін боламыз. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтқан мәліметтері мен Қызылорда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаеваның алға тартқан деректерін негізге аламыз.
Өткен жылы 963 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылған
Тақырыпшаға арқау болған цифрды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлім етті.
Ордабаев ел халқын жұмыспен қамту саласындағы қызметтің негізгі түрлері азаматтарды мемлекет қаржыландыратын тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарымен қамту болып табылатынын атап өтті. Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған жұмыс орындарына орналасуға қажетті тәжірибесі, біліктілігі, дағдылары жетпеген жағдайда «Мансап» орталықтары жұмыс іздеушілерді қысқа мерзімді оқуға жібереді. Бұдан басқа, өздігінен білім алуға құштар болған азаматтар үшін Электрондық еңбек биржасында дағдысын арттыру немесе жаңа кәсіптік дағдыларды игергісі келетіндер үшін онлайн-оқудан тегін түрде өтуге мүмкіндік қарастырылған.
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 963 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобалар шеңберінде 265,1 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 198 мыңнан астамы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 316 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50 пайыздан астамы немесе 472,9 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар, – дейді вице-министр.
Қызылордада 2023 жылы жұмыспен қамту орталықтарына
9500-ден аса жас тіркелген
Негізінде жұмыс істеймін деп, екі қолға бір күрек іздеген адамға мемлекеттің қолдауы жетіп-артылады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы талай жас тірлігін түзеп, тұрақты жұмыс орындарына қабылданып жатыр. Мәселен, 2024 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 46 475 адамды тұрақты жұмыспен қамту белгіленген болса, оның 60 пайызы жастардың үлесінде екенін айта кеткен жөн. Жалпы облыста да жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
Статистикалық мәліметтерді сөйлететін болсақ, Қызылорда облысындағы жастар саны – 244 865 адамға тең болып отыр. Бұл облыс тұрғындарының 30 пайызға жуығын құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы жұмыспен қамту орталықтарына 9500-ден аса жас тіркелген. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, олардың 65 пайызы – орта білімнен кейінгі білім, 35,9 пайызы – орта техникалық білім, 74,6 пайызы – жоғары білім, 78,9 пайызы – жоғары оқу орнынан кейінгі білім иегерлері екен. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын» құру тапсырмасына сәйкес, өңірде 466 жұмыс орны ашылған болатын. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 198 жас жолданған.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді
Тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылатын шараның бірі – бос жұмыс орындары деп аталатын жәрмеңке. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының сөзінше, жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Аталған басқарма басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызының айтуынша, онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылған көрінеді.
– Жалпы облыста «Мансап» орталықтары арқылы тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Тиісінше, жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан 1002 жұмыссыз азаматтың 316-сы тұрақты, ал 29 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жалпы аталмыш жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 78,7 пайызы жастардың үлесінде. Бұдан бөлек, былтырдан бері Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында оларға жеңілдетілген түрде жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие берілуде. Осы бағдарлама аясында биыл 400 жасқа шағын несие беру жоспарлануда. Одан бөлек, халықтың осал топтарына жататын жұмыссыз азаматтардың жаңа бизнес идеяларын дамытуға арналған мемлекеттік гранттар бар. Бұл гранттардың басым бөлігі мал мен құс шаруашылығына, еңбек құралдарына, технологиялық жабдықтарды құрайды, – деді Жанар Жұмабекқызы.
Еңбекпен қамту жобалары нәтижесін беруде
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың тағы бір бағыты халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік гранттар және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған жастарға жеңілдетілген микрокредиттер беру болып табылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев баяндаған деректерге сүйенсек, өткен жылы 5733 азаматқа микрокредит берілген. 2024 жылы 5,8 мың адамға микрокредит беру жоспарланып, бұл мақсаттарға 29 млрд теңге бөлінген көрінеді. Сондай-ақ вице-министр бекітілген өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде осы жылға арналған жұмыспен қамту жоспарлары туралы да айтып өтті. 2024 жылы барлығы 948,1 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
– Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, түрлі тұжырымдамалар мен салалық жобалар шеңберінде 68,8 мың азаматты жұмыспен қамту қарастырылған. Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 193 мыңнан астам адамды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 341,3 мың адамды, бос жұмыс орындарына – 314,9 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда, – деді Олжас Ордабаев.
2023 жылдан бастап кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру қолға алынғаны белгілі. Өткен жылы 457 сырбойылық бағдарлама игілігін көрсе, биыл 400 жас бұл мүмкіндікті пайдаланады деп жоспарланған.
Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Биылдың өзінде Қызылордада «Жастар тәжірибесі» арқылы 434 жас жұмыс істеп жатыр. Жұмыспен қамту орталығындағы мамандар 617 жастың бос жұмыс орындарына орналастырылғанын мәлім етті. Деректерге қарағанда, жыл басынан бері «Жастар тәжірибесі» арқылы – 434, «Әлеуметтік жұмыс орындары» арқылы – 45, «Ақылы қоғамдық жұмыс» арқылы – 2071, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы негізінде – 34, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы аясында – 4 жас жұмысқа жолдама алған.
– Жалпы жұмыссыз жастарды ақпараттандыру мақсатында «Мансап орталықтары» тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп келеді. Жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1002 жұмыссыздың ішінен 316 адамға тұрақты, 29 адамға уақытша жұмыс табылды. Жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 78,7 пайызы – жұмыссыз жастар. Бұған қоса, 2023 жылдың тамыз айынан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Пилоттық режимде өткізілген жәрмеңкеде 18 жұмыс берушіден 281 бос жұмыс орны ұсынылып, 1102 аймақ тұрғыны қызығушылық танытып, оның 132-сі жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Келесі онлайн жәрмеңке қазан айының алғашқы онкүндігінде аталған порталда өтеді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызы.
Қызылордада 2023 жылы 1526 азамат қайтарымсыз грант алған
Мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі жемісті жобаның бірін қайтарымсыз грант деп айтуға болады. Жыл сайын республика бойынша мыңдаған адам қайтарымсыз грант арқылы қаржы алып жатыр. Биылдың өзінде 9 мыңнан аса азаматқа грант беру жоспарланған.
– Азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз гранттар беру жыл сайын іске асырылады. Биыл 9 мың азаматқа грант беру үшін 13 млрд теңге қарастырылған, – дейді вице-министр.
Бұқаралық ақпарат құралдарында өткен жылы Қызылорданың 1526 тұрғыны жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қайтарымсыз грант алғаны туралы ақпар бар. Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Ақерке Жалғасбекқызының журналистерге берген дерегінде қайтарымсыз қаржының қалай берілетіні айтылған.
– Қайтарымсыз грант тыңғылықты тексеріс, комиссия бақылауы арқылы беріледі. Талап бойынша үміткер жұмыссыз әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жыл толмауы шарт. Әрине, халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы негізгі ереже саналады. Барлық ескертпе орындалса, азаматтар конкурстық негізде 400 АЕК мөлшеріне дейін қаражат алады, – дейді Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Ақерке Жалғасбекқызы.
Мемлекеттің қайтарымсыз қаржысы қай бағытта кәсіп ететіндерге беріледі? Грантты алу үшін не істеу керек? Мұндай сұрақтар талай адамның көкейінде жүргені анық. Мамандар қайтарымсыз қаржы алуға үмітті азаматтар арнайы биснес жоспар әзірлеуі керектігін жеткізді. Сандарды сөйлететін болсақ, 2023 жылы тамақ өнімін шығару бағытында – 255, балық, омарта және бал ара шаруашылығы бағытында – 20, тігін өнеркәсібі, қолөнер бұйымдарын шығару бағытында – 119, егін және мал шаруашылығы бағытында – 646 грант берілген. Қызылордалықтар жоғарыда аталғандардан бөлек құрылыс және тұрмыстық материалдарды өндіру, дәнекерлеу бойынша 143 грант алса, түрлі қызмет көрсету бағыты аясында 344 жобаны сәтті қорғаған. Мамандар бұл жұмыстар биыл да жалғасып, 1556 қайтарымсыз грант берілетінін жеткізді. болады.
– Облыс бойынша соңғы 3 жылдың ішінде 8787 адам кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. Олардың 43,6 пайызы 2021 жылға, 38,9 пайызы 2022 жылға, 17,4 пайызы 2023 жылға тиесілі. Осы аралықта барлығы 8,5 млрд теңге бюджет қаржысы бағытталды. Ал гранттардың басым бөлігі мал мен құс шаруашылығына, еңбек құралдары мен технологиялық жабдықтар алуға жұмсалған, – деді Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызы.
«Әлемнің әміршісі – еңбек» деген нақыл бар. Осы сөз жұмыс істеймін, еңбек етемін деген әрбір адамға ұран болуы тиіс деп санаймыз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демеп пе еді дана Абай. Еңбек еткеннің жолы жемісті болатынын тасы өрге домалап отырған азаматтардың нәтижелі һәм үлгілі тірлігінен көруге болады. Бұл жерде мыңдаған, тіпті миллиондаған мысал келтіруге болады. Әйтсе де біз соңғы жылдары Сырдан шыққан Еңбек ерлері – Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаевтың есімдерін атап өткенді жеткілікті санадық.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
фото: egemen.kz
