Kyzylorda-news.kz. Әлемнің түрлі елдеріндегі көрермен қауым, оның ішінде Бразилия, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор, сондай-ақ Ресей, Польша, Бельгия, Сингапур, Швеция мен Австралияда мекендейтін отандастарымыз Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аясында «Астана Опера» театрының эксклюзивті спектакльдерін тамашалай алады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Опера және балет спектакльдерінің онлайн көрсетілімі елордалық театрдың YouTube платформасында көрсетіледі, сонымен қатар таратылымның уақыты мен күні туралы толық ақпаратты әлемнің 16 еліндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің өкілдері таратын болады.
“Адамдарды мәдениет сияқты ешнәрсе топтастырып, біріктіре алмайды, сондықтан біз Қазақстан халқының бірлігі күні әлемнің әр бұрышында спектакльдеріміздің онлайн көрсетілім жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылдадық. Оған 16 ел қатысады, алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының Ресей, Бразилия, Польша мен Швециядағы Елшіліктері келісім білдірді. Онлайн-афишаға 5 спектакль енді – 28 сәуір күні өтетін А.Аданның «Корсар» балеті, келесі күні жұртшылық назарына П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» танымал балеті ұсынылмақ, опера өнерін сүйер қауым үшін 30 сәуірге Дж. Пуччинидің «Турандот» спектаклін әзірледік. Ал 1 және 2 мамыр күндері халықаралық аудиториямызды әлемдік хореография жауһарлары – Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерімен қуантпақпыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
“Еліміздің барлық тұрғындарын тамаша, жарқын әрі ізгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы күні әрбір отбасына мықты денсаулық, амандық, бейбітшілік пен гүлдену тілегім келеді. Қазақстан – шамамен 125 ұлт пен ұлыс мекен еткен көпұлтты мемлекет. Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде қазақстандықтардың бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқандығы қуантады. Баршамыздың музыкаға деген махаббатымыз бірлігімізді арттыра берсін, – деп сөзін қорытындылады театр директоры.
Барлық онлайн көрсетілімдер шығарылған күні сағат 00.00-ден бастап келесі күні сағат 9.00-ге дейін театрдың YouTube-арнасында Қазақстан елшіліктерінің ресми дереккөздеріндегі сілтемелер бойынша қолжетімді болады.
Онлайн спектакльдерден бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына 1 мамырда «Астана Операның» Камералық залы сахнасында өтетін «Махаббат пен достық үні» мерекелік концерті ұсынылады.
Оған опера солистері мен оркестр әртістері қатысады. Бағдарламаға қонақжай қазақ жерінде, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ұлыстардың романстары, халық әндері, аспаптық музыкасы енген. Ұлттық музыкалық дәстүрлердің сан алуандығы көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны анық.
Карантин кезінде театрға келу «Ashyq» қосымшасы арқылы жүзеге асырылатындығын еске саламыз.