Kyzylorda-news.kz. ҚР Сайлау туралы конституциялық Заңына сәйкес, бүгін Қызылорда облысының Арал ауданында 2 ауылдық округтің әкімі сайланады.
Тұрғындар Жаңақұрылыс ауылдық округі мен Құланды ауылдық округінің әкімі болуға үмітті кандидаттарға дауыс беріп, өз таңдауын жасауда.
Таңғы сағат 07.00-де №22, №29 учаске ашылып, алғашқы келген сайлаушыларға сыйлықтар үйлестірілді.
Сайлауда Жаңақұрылыс ауылдық округінің әкіміне 4 азамат үміткер болды. Оның барлығы өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысуда.
Айту керек, Жаңақұрылыс округінде 408 сайлаушы тіркелген.
Ал, Құланды ауылдық округінің әкіміне 3 кандидат үміткер атанды. Олардың бәрі де өзін-өзі ұсыну жолымен кандидат ретінде бақ сынауға ниет білдірді.
Бүгінгі күні Құланды округінде 267 сайлаушы бар.
Еске салайық, жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 8 ауылдың әкімі сайланды. Олар: Қазалы ауданының Ақжона, Арықбалық, Жалағаш ауданының Жаңадария, Аққұм, Мырзабай ахун, Сырдария ауданының Ақжарма, Жаңақорған ауданының Жаңарық және Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылдық округінің әкімі.
Ал, маусым айының 25 күні Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық пен Қаратөбе ауылының әкімдері сайланбақ.
Биыл Президент тапсырмасына сәйкес аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Қызылорда өңірінде тұрғындар 2 ауданның әкімін тікелей сайлайды.