Фото: Дамир Ерубаев
Kyzylorda-news.kz. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында әскери қызметтегі ер адамдардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуын ұятсыздыққа балады, деп хабарлады Қазақпарат.
«Ер офицерлердің декретке шығуына рұқсат беретін заң 2014 жылы қабылданған болатын. Бірінші жылдары олар ұялды. Үшеу-төртеуі ғана декретке шығатын. Ал қазір 600 ер офицер рахаттанып декретте жүр. Өйткені олардың қызметі жүріп жатады, шені өсе береді. Балаға бәрібір әйелдері қарайды. Одан қалса әжесі, бала күтушілер бар. Ал офицер басқа бір жұмыста істеп жүр. Мысалы, такси айдаса да декрет ақшасымен қосқанда көп ақша табады. Бұл енді кішкене ұятсыздау нәрсе деп ойлаймын. Сондай-ақ, ол қауіпті», — деді Айгүл Құспан.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі ер офицерлерді бала күтімі бойынша демалысқа жіберуге рұқсат беретін шешімдердің күшін жоюға ынталы.
«Қорғаныс министрлігі қазір шырылдап жүр. Мүмкін бұл норманы қайта қарайтын шығар. Бірақ бұл шешім — біздікі емес, халықаралық норма. Халықаралық еңбек ұйымы деген ұйым бар, Женевада отырады. Солар „Ер адам мен әйелдің құқығы бірдей. Баламен отыруға екеуінің де құқығы бар. Әскери адам болсын, жай азамат болсын“ дейді. Қазақ қоғамында бұл кішкене ерсі нәрсе», — деді депутат.