Фото: astanahub.com

Storytelling

ОСН.jpg

Жерлесіміз Шыңғыс Дәулетбаев әке жолын қуып, дәрігер болуды қалаған. Алайда өмір жолы өзгеше өрбіп, өзін ІТ саласынан тапқан. Кейіпкеріміздің «TrustMe» стартап жобасы ІТ-дің астанасы саналатын Кремний алқабында үздік ондықтан да табылды. 


Мемлекеттік қызметте шыңдалып, медиа саласында сыналған, продакшн студиялар құруда тәжірибесі бар Шыңғыстың ендігі шығар шыңы қандай?

333.jpg

Аллаға сенім, бизнестегі тәжірибе мен Англияға сапар 
Қазір 36-дамын. Спортқа жақынмын, бұрын осының әсерінен қызуқандылау болатынмын. 2008 жылдың қарашасында қыңыр мінез өмірімді өзгертті. Кезекті дау-дамайда пышақ тиіп, жүрек тұсынан жарақат алдым. Содан кейін барлығы өзгерді. Көзқарасым, мақсатым, Аллаға деген сенімім. 


Әкем – дәрігер. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында докторлық диссертация қорғауға мәжбүр болған кезде Қызылордадан көштік. Алайда әке жолын жалғамадым, оған денсаулығымның да әсері бар. 


Уақыт өте Қазақ-Британ техникалық университетіне «Менеджмент» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқумен қатар бизнеске қызығушылық таныттым. Ағаммен бірге сауда ісінде сыналдық.


Одан кейін IT-компания ашып, маңызды саланы зерделеп шықтым. Бағасы өзекті құрылыс материалдары маркетплейсін құру жоспарымда болатын. Сатушыға хабарлассаң, қажетті тауар жоқ болып шығады немесе бағасы каталогта көрсетілген бағадан 20% қымбат. Жігіттерді жұмысқа алдым, олар барлық базарды аралап, құрылыс материалдарының бағасын жинады. Алайда техникалық инфрақұрылым құру кезінде қиындық көбейді. Бір жыл жүгірдім, жобаға көп ақша салдым, бірақ нәтиже көңіл көншітпеді. Кей жігіттер ақшаны алдын-ала алып, бірнеше ай бойы уәдеге тойдырып, жоғалып кететін. Басқасына жүгіндім, тағы осылай болды. Сөйтіп, компанияны жауып, Англияға оқуға түстім.


Оксфорд Брукс университетінде менеджмент магистрі дәрежесін алдым. Ол жердегі білім беру жүйесі біздікінен мүлде басқа. Оқу бағдарламасында нұсқауланған сабақты және мұғалімді өзіміз таңдауға мүмкіндік жасалған. Қазақстанда мұғалімдер көбіне студенттерді міндеттейді. Сабаққа келмей қалса, «жоқ» деп белгілейді, баллын төмендетеді. Ал шетелде ешкім қинамайды, профессорлар бұндай мәселеге бас ауыртпайды.

44.jpg

Елге келіп, мемлекеттік қызметке бет бұрдым
Кішкентай кезімнен елге қызмет етуді армандайтынмын. Атам 40 жыл басшылық қызметте болды. Кеңес одағын ауыл шаруашылығы техникасымен қамтитын зауытты басқарды. Сондықтан бұл атадан қалған қасиет болар. 


Экономикалық даму және сауда министрлігі (қазіргі ҚР Ұлттық экономика министрлігі – Digital Business ескертпесі) макроэкономикалық талдау және болжау департаментінің бас сарапшысы болып жұмысқа тұрдым.


9 айдан кейін басқарма басшысы, одан кейін жарты жыл өткенде департамент директорының міндетін атқарушы қызметіне дейін көтерілдім. Алайда департаментке жаңа басшы келгенде мені оның орынбасары лауазымына ауыстырды. Кейін жағдай өзгерді. Мұны байқағасын кетуді шештім, себебі жұмыссыз отыра алмаймын, бос уақыт болғанын қаламаймын.


Осыдан соң бірден «Хабар» медиахолдингінің стратегиялық даму департаменті директоры болу ұсынысы түсті. Олар стратегияны бекіту керек екен, алайда шенеуніктер оны үнемі қабылдамай отырған. Сөйтіп, бір жылдың ішінде жаңа стратегия құрып, оны бекітіп алдық. Бұдан кейін де жұмысым азайды. Жаңа идея, жаңа орта, жоспар керегін түсіндім, мақсатты нықтауға кірістім.

img_4523.jpg

«ТrustMe» секілді компания әлемде жоқ 
Осылайша «ТrustMe» тұжырымдамасын ойлап таптым. Сол кезде 4 бизнесім бар еді. CDM Production мен TrustMe-ден бөлек, ADmasters (маркетинг бағыты) және Digital Academy (IT мамандықтар оқыту) болды. 


«ТrustMe» – жұмыс беруші, қызметкер немесе компания туралы ой қалдыратын платформа. 2021 жылдың ақпан айында Қазақстанда www.trustme.kz қызметі ресми түрде іске қосылды. Бүгінде сайтқа ай сайын 2000-нан астам қолданушы кіреді. Мақсаты – миллиондаған пайдаланушыларды қамту және бүкіл әлем бойынша іске қосу. Сондай-ақ қызмет қоғамдық рейтингті ескере отырып, ең жақсы және ең нашар жұмыс берушілерді, орындаушыларды және тұтынушыларды автоматты түрде анықтайды. 


Басында жеке қаражатымнан $200 мың «TrustMe»-ге салдым. 2021 жылдың жазында ақшам бітті, біз табысқа шықпадық. Инвестиция іздей бастадым, бірақ қажет жауап алмадым. Маған және менің жобама сенуді сұрап видео түсірдім де, оны ең жақын 20 адамға жібердім. 5 күннен кейін жалпы сомасы $100 мың инвестиция жинадық. Сол ақшаның көмегімен жалақы төлеп, әрі қарай жылжыдым.


«TrustContract»-тен басқа тағы үш өнім болды: «ТrustInfo» (адамдар, мекемелер және компаниялар туралы ақпарат), «TrustBusiness» (QR мәзірлері және QR сауалнамасы) және «TrustPlaces» (мекемелерді іздеу). 


Бұл сервистер жақсы дамып жатты, сатылым болды. Бірақ клиент тару қымбатқа түсті, сол себепті юнит-экономика сәйкеспеді. Дегенмен әлеуеті зор жобалар еді. Тек «TrustContract»-қа көбірек күш салсақ, бұдан зор нәтижеге қол жеткізетінімізді түсіндік. Басты клиенттер – шағын және орта бизнес өкілдері. Саласы әртүрлі: туризм, көлік тасымалы, сауда, HoReCa және т.б. Ірі компаниялар бізге жүгінеді. 


Жалпы, бұл үлкен нарық. Тек Қазақстанда қазір 1,6 млн жеке кәсіпкер және 700 мыңға жуық компания бар. Бұл – 2 млн әлеуетті клиент. Қазір біздің шамамен 1000 клиентіміз бар. Күніне 200 шақты компания біздің платформада құжатқа қол қояды. «TrustContract» көмегімен 300 мыңнан астам келісім-шарт жасалды. 


Басты мақсат – Орталық Азиядағы алғашқы unocorn атану. 2025 жылдың соңына қарай мақсатымызға жетеміз деп үміттенемін. Бірақ бұл ең маңыздысы емес. «TrustContract»-тың даму және қосымша монетизация жасау перспективасы бар.  Біріншіден, біз компанияларға келісімшарттар туралы заңды тұрғыда консультация береміз. Екіншіден, бұл келісімшарттарды өз жүйемізге енгізіп, оның кейбір пункттерін автоматтандырып, мобильді телефонға SMS түрінде баратындай етіп жасаймыз. 


Керек болса, адамның беті мен құжатын салыстырып, растаймыз. Олар небәрі тоқсан секундтың ішінде қол қойып, келісімшарт жасаса алады. Әлемде мұндай технология жоқтың қасы. Біздікіне ұқсас, құны 50 млрд доллар болатын DocuSign деген компания бар. Ол тек келісімшарттарға қол қою мүмкіндігін береді, бірақ оған жету жолы басқаша, нақтырақ айтсам, е-mail арқылы іске асады. Сондықтан біздікіндей компания тек Қазақстанда емес, әлемде жоқ деуге болады.

img_4761.jpg


Тим Дрейпердің қолдауы: Әлемдік 118 стартаптың арасынан үздік ондыққа ендік
Біз бірнеше акселераторлық бағдарламаға қатыстық. Өткен жылы үш бағдарламада идея бөлісу бұйырды. Біріншісінде Astana-hub-тың бірлесіп ұйымдастырған Google for Startups бағдарламасына қатыстық. Сосын Азия даму банкі ұйымдастырған бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Үшіншісі – DraperU бағдарламасы. 

Соның арқасында Америкаға баруға жол ашылды. ІТ-дің отаны – Кремний алқабында бес апта бойы әлемнің 35 елінен келген 118 стартап иелерімен пікір алмасып, етене араластық. Бір-бірімізді жақындастыра түсетін ивенттер өткізілді. 


Бес аптаның соңғы аптасында Demo Day ұйымдастырылды. Ал оған осы тренингті ұйымдастырушы, әлемге танымал венчурлік инвестор, мультимиллиардер Тим Дрейпер қазылық етті. 118 стартапер арасынан суырылып шығып, ондыққа кірдік. Ол «Күшті екен» деп таңданысын жасырмады, қолдайтынын айтты.

 Бұған дейін миллионер қазақстандық компания – «Citix-ке» ға 1 миллион доллардан астам инвестиция салып, компаниядағы үлесін ұлғайту туралы келісімге қол қойған болатын.


Бірақ инвестиция құю – оңай процесс емес. Бұл – ұзақ жүргізілетін процедура. Сондықтан біз де күтудеміз.
Алдағы жоспарыма тоқталсам, ақпан айының аяғында Катар мемлекетінде өтетін веб саммитке қатысамын. Наурызда Сауд Арабиясына кетемін. 


Сосын уақытша АҚШ-қа көшу жоспарымда. Мақсатқа жету үшін. Қазір компанияда 75 адам жұмыс істейді, бірақ мен оны Google, Amazon, Meta, Apple секілді қызметкері көп, алпауыт компанияға айналдыруым керек. Бұйыртса, АҚШ-та жүріп, мықты инвесторларды тартып, Орталық Азиядағы алғашқы unocorn атануға күш салатын боламын.
Әңгімелескен Мөлдір СНАДИН
 

Тағы да оқыңыз: