Фото жеке қорынан
Kyzylorda-news.kz. Жас буын келешекте сұраныста болатын жаңашылдықты меңгеруге ынталы. Оған 16 жастағы қызылордалық Асылжан Абдуллаев дәлел. Жуырда идеясы тың жас жасанды интеллектіні қазақша «сөйлетті».
Асылжан жобасына «QazaqGPT» деген атау қойған. Оны OAI архитектурасы негізінде жасағанын айтады, яғни команда берсеңіз сурет салады, дыбыстама жасайды және кез келген мәтінді жазып, есеп шығарып, қолыңызға береді.
Таңғаларлығы, бұл жоба американдық прототиптерге қарағанда 50 млрд-қа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан аса адам пайдаланып көрген.
– Әлемдік IT нарығына көшу әлі де білім мен білікті қажет етеді. Ол үшін әуелі ішкі нарықты реттеу қажет. Оны реттеудің жолы – білімді мамандардың санын арттыру. Оған өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан қаладағы технократ жастарды қолдайтын «Kyzylorda Hub»-қа келдім, соның резидентімін.Мұнда ІТ саласынан алыс емес Нұрлан Құлмырзаев, Сәбит Ибадулла, Жанарыс Түбекбаев, «ENACTUS Kazakhstan» қауымдастығының өңірдегі үйлестірушісі, «Business start» жастар кәсіпкерлер орталығының ұйымдастырушысы ретінде танылған Темірлан Әбжанов қол ұшын созды. Қалыптасуыма, саланы терең түйсінуіме осы кісілер көмек берді. Қазір 7 жоба бар.
Негізгісі – «QazaqGPT». Жасанды интеллект қазақтілді ортада танымал емес. Осы олқылықтың орнын аталған жоба арқылы толтырғым келеді. Оның зағип жандарға арналған нұсқасы да бар, – дейді ол.
Кейіпкеріміз министрлер Саясат Нұрбек, Бағдат Мусинмен кездесіп, жобасын таныстырған. Сонымен қатар халықаралық «Enactus» ұйымының базасына барып, америкалық сарапшылардың алдында да жобасын қорғап шыққан.
Қазір Асылжан сервер жоғалып кетпес үшін қосымшаны дайындауға қам қылып жатыр. Айтуынша, наурыз айына дейін толық аяқтайды және жеткен жетістігі тек бұл емес. Бұған дейін ол «Hackathon», «Innofest» байқауына қатысып, өзі армандаған Astana IT университетінің білім грантын ұтып алған.
Алдағы уақытта Америкаға баруды жоспарлап отыр. Себебі, креативті жас бұған дейін шетелдік жарыста суырылып шығып, жартылай финалға жолдама алған. Кейіпкерімізге «Елде ІТ-ге қолдау қандай және жасанды интеллект жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе?» деген сауал қойған едік.
– ІТ саласына бет бұрғысы келетін замандастарға айтарым, нарықта қандай талап қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар, соны зерттеген дұрыс. Елімізде ІТ компанияларының саны артып келеді, прогресс бар, сәйкесінше соған байланысты мамандарға да сұраныс жоғарылайды. Даму күшеюде, тек осыны ескеру маңызды.Ал, жасанды интеллектке келер болсақ, ол санадан озды. ЖИ жұмыссыз қалдырмас, бірақ жүйе дамыған сайын мамандар әмбебап бола түсуі тиіс. Әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сааскинд жаңа мамандықтар пайда болатынын бұрындары айтқан.
Оның ішінде ІТ генетик, криптовалюта банкирі, медициналық робототехник секілді мамандықтар бар. Сондықтан технологиялық жаңалықтарды жатырқамау керек, – дейді жас дарын.
Мөлдір СНАДИН