Kyzylorda-news.kz. Өткен қыста Екібастұз қаласының халқы мұз құрсанғандай суық, сұрықсыз күй кешкенін білеміз. Әбден тозығы жеткен жылу орталығы апатқа ұшырады. Сол кезде өзге де қалаларға жасалған талдау көптеген өңірде жылу орталықтарының шықпа жаным, шықпа халін аңғартты. Президент шұғыл тапсырма беріп, жылу орталықтарын қайта жаңғырту міндеті қойылды.
Ал Қызылорда қаласында 2022 жылдың қыркүйек айында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Сол тарихи сәтте облыс әкімі: «Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін алдағы үш жылда қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станцияларын салуды тапсырды. Осы тапсырма аясында атқарылатын жұмыс алғаш болып біздің аймақта жүзеге асуда», – деген болатын.
Түріктің «Акса энерджи» компаниясымен жасалған жылу-электр орталығын салу жөніндегі мәміле шын мәнінде, басқалардан жөні бөлек жоба. 240 мегаваттық жылу-электр орталығының құны 215 млрд теңгеден асады. Ауқымды құрылыс 2025 жылы аяқталуы тиіс.
Түріктермен инвесторлық байланыста тағы бір ауқымды жоба бар. сКоч Холдинг» компаниясы Жаңақорған ауданының «Қызылорда-Агроплюс» серіктестігінде томат пастасын өндіруді бастамақ. Оның құны – 50 млн АҚШ доллары. Осы компанияның еншілес кәсіпорны «ТАТ» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге қызанақ егіп, өнім жинаған болатын.
Облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беру үшін шыны зауыты жанынан 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспары жасалып отыр. Қазіргі уақытта оның 4-уі бойынша жобалау жұмыстары басталған. Ал барлық 8 кәсіпорынның құны 100 млрд теңге болмақ.
«Осы бағытта желтоқсан айында Мемлекет басшысының Өзбекстанға барған ресми делегациясының құрамында болып, бірнеше іскерлік кездесуге қатыстық. Өңірден барған кәсіпкерлермен бірге бизнес форумда ортақ жобаларды талқыладық. Науаи облысының хәкімі Нормат Тұрсуновпен бірге екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін Жол картасына қол қойдық. Бүгінде екі өңір арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, тауар айналымын ұлғайту арқылы жаңа жобаларды іске асыруда ортақ мүдде бар», – деді облыс әкімі.
Талай жыл алуан пікірге арқау болған шыны зауыты енді өңдеуші өнеркәсіпте өңірдің беткеұстар кәсіпорны саналмақ. Әлеуетті зауыттың бәсекеге қабілетін әілеспе кәсіпорындар толыстырып отырса, аймақ экономикасының жаңа тынысы ашылары сөзсіз.