Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың сапары Жаңақұрылыс, Қаратерең ауылдық округтерінде жалғасты.
Алдымен аудан басшысы Жаңақұрылыс елдімекеніндегі «Қуаныш» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. Бүгінде 18 отбасы алғаш рет осы жерде бау-бақша, көкөніс өнімдерін орналастырып, егін шаруашылығына бет бұруда. Аудан әкімі диханшылардың мол өнім алуына сәттілік тіледі.
Жаңақұрылыс ауылының жергілікті халықпен кездесуі елдімекен кіре-берісіне орнатылған жаңа аркада өтті. Аудан басшысы ауылға келер алдында жол құрылысының барысын бағамдап келе жатқанын айтып, өңірдегі жаңа бастамаларға тоқталды.
«Ауылшаруашылығын дамытудың 2022-2024 Жол картасы аясында 2022 жылы 700-ден аса аумаққа егін егілсе, биыл 1500 гектарға жеткізсек, келесі жылға 3000 гектарды игеруді жоспарлап отырмыз. Бұның барлығы өткен жылғы жайылымдық, шабындық және суармалы егістік жерлерді суландыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Теңізіміз толып жатыр. Былтыр "Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру" жұмыстарына жалпы құны 4,5 млрд теңге көзделсе, 2022 жылы 500 млн.ға жуық қаржы қаралып, биыл тағы 1,4 млрд. теңге бөлінбек. Бүгінде теңізге 1 млрд. 300 текше метр су түсуде. Жол мәселесі де кезеңімен шешілуде. «Аманөткел - Жаңақұрылыс» жолының 18 шақырымына құм төселіп, астыңғы қабаты көтеріліп жатса, «Қаратерең – Жаңақұрылыс» бағытындағы жолдың 9,4 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Қалған 14,48 шақырымын толықтай аяқтау үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, жақында ғана «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» жолының 14 шақырым бөлігінің құрылысын толық аяқтау үшін тиісті қаржысы бөлінді» - деп, биылғы жылға жоспарланған жаңалықтармен бөлісті.
Ауылдықтар ауыл көркін кіргізген қақпаның салынғанына ризашылықтарын білдіріп, жол мәселесінің өз шешімін тауып жатқанына оң бағасын берді. Сондай-ақ, тұрғындар жер жырту үшін селолық тұтыну кооперативіне трактор қажеттігін айтып, аудан басшысы бұл үшін тиісті мүмкіндіктерді қарастыратындығын жеткізді.
Қаратерең халқымен жүздесу «Қаратерең 2022» өндірістік кооперативіндегі 15 гектарды қамтитын егістік алқабының маңында болды. Аудан басшысы егінмен айналысып жатқан тұрғындарға сәттілік тілеп, жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Егін шаруашылығының дамуы үшін ауданымызда судың көлемі жақсы жіберілуде. Осындай уақытта былтыр 5 куб су түссе, қазір 16 текше метрге көбеюде. Жолдың құрылысына осы жылы 7 млрдқа жуық қаржы тарттық. Биыл басталған жолдардың барлығы аяқталатын болады. «Қаратерең - Бөген» жолы да биыл халық игіліге берілетін болады»- деді, Серік Сағитжанұлы.
Мұнымен қоса, аудан басшысы Қаратерең елдімекенін тірек елдімекендер қатарына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және келесі жылы елдімекендегі барлық электр бағаналарының толық өзгертілетіндігін атап өтті.