Kyzylorda-news.kz. Қолданылған тұрмыстағы қалдықтарды қайта өңдеп, тіршілік айналымына енгізуді қолға алған Жаңақорғандық кәсіпкер Насырла Мурзаев. Бұл ауданның ішкі нарығына, өнім өндіруіне, тіпті экономикасына оң әсерін тигізуде. Ең бастысы, экологиялық залалдан тазарып, тазалықты тұрақтандырады. Әрі табыстың көзі.
Жаңақорған ауданында кәсіп енді ғана еңсе көтеріп келеді. Шымкент қаласындағы шағын зауыт қағаз, шыны ыдыстары мен баклашкаларды қайта өңдеуге ден қойған. Ал, оған шикізат жеткізіп беруде біздің қос жаңақорғандық кәсіпкер бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Насырла Мурзаев. Шағын шаруасын отбасылық бизнеске айналдырған ағамыздың кәсібін көруге арнайы барып, сұхбаттасып қайттық.
Иә, полигондарда үйіліп жатқан қоқыс үйінділерін сұрыптап, жаңа өнім шығаруға болатынын сіз білесіз бе? Бұл үлкен саланың бірі. Қоқыс саласы бизнес көзіне айналуы үшін қомақты қаражатты, дұрыс дайындықты талап етеді. «Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу» өзекті проблемалардың бірі. Әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл мәселені оңтайлы шешуге толық мүмкіндік бар.
«Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. 10 жылдан астам уақыт қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Отбасым қолғабыс болса, қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік сынды ауыл тұрғындары да бізге үйренді. Жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз», – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы кәзіргі таңда айлық табысының да жақсы екенін жасырып қалмады. Жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын осы кәсіпке икемдепті. Өзімен бірге жүріп, аудандағы үлкен сауда орталықтарынан дайындап қойған қоқысты көлікпен тиеп әкетеді.
«Алланың берген екі ұлым бар. Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 250 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісім-шартқа отырып, жұмыс қарқынынын кеңейтудеміз. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамту ойда бар. Наурыз айында Қызылорда қаласында шыны зауыты ашылса, сол жаққа өткіземіз, әзірге Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына кардондар, салафандар мен бөтелкелерді өткізудеміз», – дейді кейіпкеріміз.
Бала кезімізде алдыңғы буын ағаларымыз темір-терсек, шыны ыдстарды өткізіп пұлдайтын. Үйден емес, сырттан теріп, теңге табатын. Қазір үйден шыққан қалдықты апарып өткізуге жеткіншектер жиіркенетінін ағамыз тартты. Әйтпесе, қажетсіз қағаз бен баклашкадан әжептеуір табыс табуға болады. Кейбір құжаты жарамсыз мекемелер қағазды өртемей осында өткізеді екен. Бұл да жақсы жүйе ғой. Керек болса кәсіпкер кез келген орталықтан тауарды қаржысын төлеп алуға дайын. Келісін есептеп, қажетін алып кетеді. Бірақ бұған біз дайын болмай жатқан жайымыз бар.
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігі тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек екен.
Мұнымен айтпағымыз кенттің келбеті ең бірінші тазалығынан көрінетіні анық. Күнделікті қолданыстағы тұрмыстық қалдықтарды жерге тастамай, ауламызды ластамай, өз денсаулығымызға, ортамызға зиянды әдеттен құтылып Насырла мырзаның кәсібіне қолдау білдіріп, қоқыстан ақша тауып әрі тазалыққа бет бұрсақ нұр үстіне нұр емес пе? Қоқыс қалауын тапса кіріс әкеледі деген сөздің астарын түсінген жанға тек пайда алып келері анық. Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда 31,72 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігі тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырып отырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.
Әлем елдеріндегі тәжірибе
Осы тұста әлем елдерінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін зерделеп көрген едік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, дамыған елдерде жерде жатқан қоқыстар әжептәуір табыс көзі саналады. Әсіресе, қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары кәдеге жарамды әрі сұраныста екен. Мәселен, Финляндия қалдық заттарды өңдеу бойынша әлемде көш бастап тұр. Онда «қалдықтар иерархиясы» деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес көзінеайналған. Пекинде қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды. Бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Францияда қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен.
Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да поллиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір супермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады. Мәселен, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі, ағаш пен темір жәшіктерден пластиктен жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті, сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полиэтиленген пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде. Мұның бәрі түптеп келгенде қоршаған ортадағы тепетеңдік заңдылығын сақтап, әлемді экологиялық апаттан қорғап, адам денсаулығына оң әсерін тигізері анық.
Міне, өзге елдерге қарап көз сүйсінеді. Ал, бізде керісінше қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. О тоба десеңізші, қоқыс жәшігі түгілі балаларға арналған ойын тербелгішін өз үйіне кіргізіп алғандарын көргенде жағамызды ұстадық. Содан болар, тазаланған аймақ қайта қоқысқа толып, еңбекті еш ететіні.
Түйінін айтсақ, қатты қалдықтармен қоғамды ластағанша, жиыптеріп, өткізіп отырсақ, қаражатқа айналып шыға келеді, бастысы аулаңызға жинап, Насырулла ағаның кәсіпорнына хабар берсеңіз болғаны. Әрі, кәсіпкер Насырулла ағамыздың кәсібіне демеу бергеніміз болар еді. Ал, мемлекеттен берілетін көмекті құзырлы органға қалдырайық.