Kyzylorda-news.kz.  Жердің тоңы жібіп, ауылдағы ағайын ақ егісті бастап кетті. Қыстай кетпенін мұзға қайраған диқандардың қырманды дәнге толтырудың қамына кіріскеніне де бірнеше аптаның жүзі болды. Күрежолдың бойында егіс алқабы бар жалағаштық «Байтабын» ЖШС ұжымы өткен аптада ақ егісті бастады. 

Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы шаруашылық ұжымы көктемгі науқан жұмыстарын елден бұрын бастауды дәстүрге айналдырған. Есесіне ала жаздай күтіп баптаған егінді жауынға қалдырмай қырманға құйып алады. Биыл да шаруашылық ұжымының дала жұмысы әдеттегідей айналасынан бұрын басталды. 

«Батыр атындағы ауылда ақ егіс басталды» дегеннен шаруашылықтың егіс алқабына атбасын бұрдық. Үлкен жолдың бойында бізді тосқан «Нива» автокөлігі шаруашылыққа тиесілі екен. Аман-саулық сұрасып, егіс басына бір-ақ тарттық. 
Артында тіркемесі бар қос трактор алқапқа айтарлықтай сән беріп тұр. Бірі атыздың басынан соңына дейін тіркемеден тұқым тастаса, келесі механизатор оған жанаса кетеді. Бас-аяғы 20-30 минутта атыздан-атызға ауысқан қос механизатордың санаулы күнде ақ егісті сеуіп тастайтыны көрініп-ақ тұр. Оның үстіне биыл егілетін жоңышқаның көлемі де айтарлықтай көп емес.

Былтыр шаруашылық 200 гектардан астам алқапқа жаңа жоңышқа сепкен. Биыл да оның көлемінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бастысы, шаруашылық ұжымының ротацияны қатаң сақтайтыны көрініп-ақ тұр. Әлбетте күріштен тү¬сетін табыс жоңышқаға қарағанда айтарлықтай жоғары. Алайда төраға Болат Ділдабеков үшін өнімнің көлемінен сапасы маңызды. Тіпті әлі жерге дән түспей агроном Сұлтанбек Үсейіновты егіс басына қойғаны да сондықтан. 

Бұрын ауылдағы үлкендер пысықай біреуді сөз еткенде әңгімесін «оның білмейтіні жердің астында» деп бастайтын. Сұлтекең жердің астындағы дәннің де қай уақытта қалай пісіп-жетілетінін жетік біледі екен. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарының қайсысына қандай күтім қажет, ол жағы серіктестіктің бас агрономына таңсық емес. Бүгін олар 207 гектар алқапқа жаңа жоңышқаны бидаймен араластырып септі. Әзірге егіс басында 10-15 адам бар, негізгі жауапкершілік механизаторларға жүктелген. Брига¬дир Болат Жетпісбайұлы наурыздың аяғында жерді сүдігерлеуге кірісетінін айтады. Ол басшылық ете¬тін бригада биыл 500 гектар күріш пен 100 гектар жоңышқаның шығымына жауапты. 

Айта кетейік, былтыр шаруашылық 800 гектарға жуық алқаптан жоңышқа өнімін жиған. Оның 210 гектары жаңа жоңышқа болса, 580 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Биыл да 207 гектарға жаңа жоңышқа егіп отыр. Сыр салысын былай қойғанда, жоңышқаның тұқымына дейін өздері дайындайды. Өнім өздерінен бөлек басқа да шаруашылықтарға сатылады екен. Мәселен, биыл дайындалған 10 тонна жоңышқа тұқымының өздері тек 4 тоннасын пайдаланып, қалғанын сатылымға шығарады. Жоңышқа сұрпының сапасы жоғары болса керек, тіпті басқа да облыстардан сұраныс болады екен. Оны дайындайтын германиялық аппарат 2018 жылы 48 млн теңгеге сатып алынған.

Агроном Сұлтанбек Қабылбекұлы көктемде «Байтабын» ЖШС 500 тоннадай күріш пен 4 тонна жоңышқа тұқымын себетінін айтады. Ал қалғаны жергілікті шаруашылықтарға сатылады. «Байтабын» ЖШС былтыр 1 100 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен. Сыр салысының әр гектарынан 70 центнерден орташа өнім жиса, диқан¬дардың алды әр гектардан 86 центнер астық алған. 
Былтыр аяқ судың мәселесі жергілікті шаруашылықтардың ешқайсысын айналып өткен жоқ. Уақыт өткен сайын мәселе күрделеніп келеді. Егер келер жылы мұндай мәселе қайталанбаса, «Байтабын» ЖШС 1390 гектарға күріш егетінін айтқан. Биыл мамандар су тапшылығы айтарлықтай қиын болмайды деп болжам жасады. Жақсы жаңалықтан құлағдар болған шаруашылық ұжымы биыл 1300 гектарға күріш егуді межелеп отыр. 

Шаруашылық бүгінде 107 адамды жұмыспен қамтиды. 3 өндіріс бригадасы биыл науқанды оң нәтижемен қорытындылауға ниетті. Техникадан да мәселе жоқ, төраға Болат Ділдабеков «ала жаздай бапталған өнім жауын-шашынға қалады» деп уайымдамайды. Себебі ол шаруашылық базасын толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақтаған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да анық.

Соңғы жылдары серіктестік егінді әртараптандыруға да басымдық берген. Былтыр ауыл халқына бақша салу үшін біршама жер ашып берген еді. Жергілікті тұрғындар қыстай тұтынатын картоп-сәбізін, қызылша, асқабын өздері өсіріп, жинап алды. Болат Ділдабеков ағамыз бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр екенін айтады. Әрине шаруашылық қолға алған бұл бастаманың жергілікті халыққа тиімді екені айтпаса да белгілі. Ал биыл мақсары, соя секілді суды аз қажет ететін дақылдарға да басымдық беріледі екен.

Шаруашылық өз кәсіптерінен бөлек ауылдың болашағы үшін де жарқын жобаларды жүзеге асырғанын аудан жұрты жақсы біледі. 100 млн теңгеден астам қаражатқа спорт кешенін салды. Бүгінде батыр атындағы ауылдың жастары оның игілігін көріп отыр. Одан бөлек бірнеше жылдан бері ауылда тұралаған интернет байланысына қатысты мәселені де түбегейлі шешіп берді. Үлкен балалар ойын алаңының өзі бүгінде ауыл балақайларына айтарлықтай базарлық болғаны көрініп-ақ тұр. Табысын жұртымен бөлісетін осындай ұжымның жұмысында береке болатынын «Байтабындықтардың» бүгінгі ты¬ныс-тіршілігі айқындап тұрғандай. Жұмысы жүйелі, мақсаты айқын.

Тағы да оқыңыз: