Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы «Серпін» индустриалды аймағында орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС әскери киімдер өндірумен айналысады. Бастапқыда үлкен өндіріс орны 24 адамды жұмыспен қамтыса, қазір мұнда 60-қа жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Мұндағы нәзікжандардың барлығы – арнайы оқудан өткен тәжірибелі маман. Олардың тасымалы да бір жүйеге келген, яғни серіктестік басшысы жұмысшылардың қатынауына бір автобусты іске қосқан.
Жақсылық Өзденбаев басшылық ететін серіктестікке 2017 жылы «СТ-KZ» сертификаты берілген. Дәл осы жылы кәсіпорында тапсырыс аясында 810 бронды кеудеше, 240 арнайы әскери киім дайындалған. Ал 2018 жылы тапсырыс көлемі ұлғайып, серіктестік 5 630 бронды кеудеше мен 2 125 каскаға арналған бүркеме шығарған. Сол уақыттан бері кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, мұнда тапсырысты сапалы әрі уақытылы қамтамасыз ету дәстүрге айналған.
Жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаның болашағы жарқын. Себебі соңғы жылдары мұнда өндірілетін өнім түрі мен санында өсім қалыптасқан. 2019 жылы 11 мың каскаға арналған бүркеме әзірлеген серіктестік ұжымы қазір касканы толықтай өздері өндіреді. Себебі «Өркен Әлем» ЖШС әскери каска өндіретін Оңтүстік Кореялық алып аппаратты бірнеше жыл бұрын іске қосты.
Жақсылық Өзденбаев бүгінде кәсіпорынды соңғы үлгідегі заманауи аппарат-тармен жарақтаған. Нәтижесінде серіктестікте жұмысшылар қатары артып, өнім көлемі де айтарлықтай ұлғайған.
Бүгінде Қазақстан бойынша арнайы әскери киімдер шығаратын цех 3 аймақта бар. Ал еліміз бойынша салаға қажетті киімдердің барлық түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын осы «Өркен Әлем» ЖШС екенін де айта кеткен жөн. Қазір серіктестік ұжымының күнделікті жұмысын көрген көз сүйсінеді. Мұнда негізінен шикізат Ресей мен Хорватиядан жеткізіледі. Серіктестік бронды кеудеше, каскадан бөлек қатты соққыға, жарықшаққа және оққа қарсы шлемнің бірнеше түрін шығарады.
Айта кетейік, «Серпін» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорында газ-тұмылдырық, бронды кеудеше, жалпы әскери қорғаныш жамылғысы және шлем, парашют, каскаға арналған бүркеме мен арнайы әскери киімдер өндіру жұмыстары бір жүйеге келген. Тапсырысты орындауға қажетті шикізат қоры да толықтай жеткілікті.
– Бастапқыда әскери киімнің санаулы түрін өндіруді қолға алдық. Уақыт өте кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, өнім түрі мен санында өсім қалыптастырдық. Мұндағы құрылғылардың барлығы заманауи аппарат. Әріптестерімнің барлығы арнайы оқудан өткен тәжірибелі маман. Сондықтан олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Қажетті шикізатты толық жеткізіп алдық, – дейді Жақсылық Өзденбаев.
Іскер азаматтың мұндағы мамандардың еңбегін жоғары бағалайтынын біз де байқадық. Серіктестік іске қосылғалы жыл қорытындысымен өндіріс ошағындағы еңбеккерлерге 2 айлық жалақы көлемінде сыйақы беруді кәсіпорын басшысы дәстүрге айналдырған. Ал еңбеккерлер айлық жалақылары уақытылы берілетінін айтып отыр.
Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жұмыс жасайтын тәжірибелі маман Алтынай Әлібаеваның сөзінше, өндіріс ошағында тапсырысты уақытынан кеш орындау болмапты. Сондай-ақ цех меңгерушісі әсіресе мұндағы қызу еңбек жаз айларында басталатынын айтады.