Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданында 10 айда жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 202 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мүшелерінің алдында онлайн есеп берген аудандық филиал директоры Самат Карипов айтты.

Статистикалық дерекке сай ауданда 2514 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2316-сы бүгінде халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.

Самат Карипов есебінде биыл ауданда «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы ашылғанын, орталықта Палатаның аудандық филиалымен қоса, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, Кәсіпкерлерге қолдау орталығы орналасқанын жеткізді. 

Орталықта ісін жаңа бастаушы, сондай-ақ жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлер  оқытылып, несие алуға сүйемелдеу жүргізіледі, сондай-ақ кеңестер беріліп, тегін сервистік қызметтер көрсетіледі.

 Жыл басынан бері Палатаның аудандық филиалы 764 азаматқа кеңес беріп, 271 бизнес-жоспар әзірлеген.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша Жалағаш ауданында 120 азаматты оқыту жоспарланған. Жоспар 27,5 пайызға артығымен орындалып, 153 жалағаштық жобаның түлегі атанды.

Аудандық филиал директоры «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында биыл ауданда жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 202 жоба қаржыландырылғанын атап өтті. Аталмыш жобалардың 114-і «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант алғандар.

  Палатаның аудандық филиал директоры Самат Карипов Өңірлік кеңес мүшелеріне саладағы мәселені де айтты. Ол «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы алынған несиелердің субсидиясы дер кезінде түспей кәсіпкерлерге қиындық тудырып жатқандығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: