Kyzylorda-news.kz.  Жалағаш ауданының 45,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Өңірде өткен жылы елді мекендер мен әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 5 жоба қолға алынған еді. Соның нәтижесінде, екі жоба толық жүзеге асқан. Яғни, “Ауыл - ел бесігі” жобасы аясында “Наркескен” спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараты табиғи газға қосылған. Бұл туралы Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

2023 жылы Жалағаш кентіне қарасты “Ақтерек” уческесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 603 млн теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Ал, бүгінгі таңда Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жобалар жүзеге асқан уақытта аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылатын болады. Біз елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңмен іске асыратын боламыз. Сонымен қатар, 2024 жылы Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленетін болады, - деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Сондай-ақ, ауданның экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар да жүйелі жүруде. Жергілікті бюджет есебінен ауданды абаттандыру бағытындағы жұмыстар іске асырылуда. Өткен жылы аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 119,6 млн теңге қаржы қаралып, 10 жоба сәтті жүзеге асты. Осының нәтижесінде, аудандағы 4 елді мекеннің көшелері жөнделді. Сонымен қатар, 5 елді мекенде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілді. Ал, осы жылы аудандық бюджет есебінен 3 елді мекенде жаңадан балалар ойын алаңы салынса, 2 әлеуметтік нысан газ отынына қосылмақ.

Жалағаш ауданының әр саласында оң көрсеткіштер қалыптасып, экономикалық әлеуеті қарқынды дамуда. Мәселен, 2023 жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 100 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 100,3 пайызға, инвестиция тарту көрсеткіші – 144,4 пайызға, бөлшек сауда көлемі 103,9 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 пайызға, ал пайдалануға берілген тұрғын үйлер 104,9 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ, былтыр 5,6 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылып, өз жұмыстарын бастады. 

-Жалағаш ауданында жыл көлемінде ілкімді істер жүзеге асырылып, нәтижелі жұмыстар орындалды. Соның ішінде, былтыр аудан бюджеті 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылды. Ал өз кірістеріміз 100,7 пайызды құрап отыр. Биыл аудан қазынасы 10,2 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұдан бөлек, аудан халқы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға және оны дамытуға айтарлықтай белсенділік танытуда. Соның нәтижесінде, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3001-ге жетті. Қазіргі таңда оның 95,2 пайызы нақты жұмыс істеуде. Ал қаржы институттары арқылы 206 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 207 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданымызда өндірістік жобаларға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, былтыр өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 2 жоба іске асырылды. Ауылдарды дамыту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Елді мекен инфрақұрылымы дамып, өндіріс орындары ашылып, көркейту-абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 22 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады, - деді аудан әкімі.

Жалағаш ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аймақтардың бірі. Мәсеелен, аудан бойынша 335 шаруашылықтың 200-ге жуығы егінмен, ал 136-ы мал шаруашылығымен айналысады. Аудандағы аграрлық саланы одан әрі дамыту бағытында биыл 36 504 гектар жерге егін егу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға жаңадан 500 гектар жер дайындалмақ.

-Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметаралық келісімдер негізінде облыс бойынша қалыптасқан су тапшылығына қарамастан ауданда барлығы 37 079 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы өнімдері ысырапсыз толық жиналды. Соның ішінде, аудан диқандарының үлкен еңбегінің арқасында 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнер өнім қамбаға құйылды. Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Атап айтқанда, 39 641 бас мүйізді ірі қара, 38 962 бас уақ мал, 21 819 бас жылқы, 761 бас түйе, 10 474 бас құс өсірілуде. Бұдан бөлек, жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған 44 106 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының малдары жайылу үшін қалдырылды, - деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.