Kyzylorda-news.kz.  Ұлы Жібек жолының ауқымды бөлігін алып жатқан біздің өңірде ауыл-аймақтың да талай жолы тақтайдай тегіс күйге келгенін көріп жүрміз.

Өткен жылдың өзінде жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыз болған. Биыл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Бұл мақсатта 29,9 млрд теңге (РБ – 14,6 млрд, ОБ – 15,3 млрд) қаржы қаралып отыр. Мамандардың айтуынша, жыл көлемінде республикалық бюджеттен қосымша қаржы келуі тиіс.

Облыс үшін жол құрылысында ең өзекті жобаның бірі, бұл – Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы. Несін жасырамыз, халық осы жолдың заманға сай қайта жаңғыртылуын ұзақ күтті. Күтіп қана қойған жоқ, екі аралықта талай әбігерге түсті. Бас-аяғы 216 шақырымға созылған жолдың биыл 140 шақырымнан астамын салып бітіру керек. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін халық игілігіне берілуі тиіс.

«Қаңтар айында Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты Басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбековтің өңірге жұмыс сапары аясында «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарымен арнайы барып таныстым.

Осыған орай арнайы мәжіліс өткізіліп, түйткілді мәселелерге қатысты тиісті шараларды қабылдау жөнінде жауапты мекемелерге тапсырма берілді. Қазіргі таңда, аталған жолдың реконструкциялау мәселелері бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлының төрағалығымен арнайы жұмысшы топ құрылып, ондағы жұмыстар бақылауға алынды.
Ал облыс халқының жиі көтеретін Ақтөбе бағытындағы 566 шақырымды құрайтын жол бөлігін 2 cанаттан (2 жолақ) 1 санатқа (4 жолақ) ауыстыру туралы мәселесі Үкімет басшысына айтылып, республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлу жөнінде ұсынысымды жеткіздім. Алдағы уақытта бұл жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деді облыс әкімі.

Расында, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы жолдың мәселесі күрделі. Мұнда, әсіресе, жүк көліктерінің ағыны алаңдатады. Есептеулер бойынша, осы жолдағы жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орта есеппен 10%-ға өссе, тәулігіне 10 мың автокөлікті құрайды екен.

 

Тағы да оқыңыз: