Kyzylorda-news.kz   Биыл да аймақ басшысының қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Бүгінде аталған көшені қайта жаңғырту жұмыстары басталған.

Жалпы көктем басталысымен облыс орталығында құрылыс жұмыстары қыза бастайды. Бұл жылдағы дәстүрге айналған. Аймақтың бас шаһарының инфрақұрылымдық жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары былтырдан бастап қарқынды жүргізіліп келеді. Соның аясында бұған дейін 2 жолақты болған жалпы ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын Қожа Ахмет Яссауи көшесінің Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі аралығы қазіргі таңда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жоспарына сәйкес 4 жолақты көше болып кеңейтілуі қажет. Бұдан бөлек, аталған көшеге жаяу жүргіншілер жолы да салынады. Көше жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары толығымен жүргізілмек.

Қазіргі таңда, Қожа Ахмет Яссауи көшесінің қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге «Қыран» ЖШС мердігер мекемесі жауапты деп танылған. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары өткен айдың басында басталған болатын. Мамандар төрт жолақты жаңа көшенің құрылысы күз айларына дейін аяқталады деп жоспарланғанын айтады.

Қала әкімі Серік Қожаниязов бұған дейін қоғамдық кеңес алдында берген есебінде қаланың негізгі көшелерінің бірі болып саналатын

2 жолақты көшелерді 4 жолақтыға кеңейту жұмыстары жалғасатынын айтқан болатын. Бүгінгі таңда, аталған жоба құны – 3 миллиард теңгені құрайды. Ол үшін республикалық  және облыстық бюджеттен 951,4 миллион теңге қаржы бөлінген.

Тағы да оқыңыз: