Kyzylorda-news.kz   Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің мерейлі 85 жылдық мерейтойы аясында аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің және аудандық білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен «Төл басылымның тұрақты оқырманымын» атты эссе байқауы өткізілді.

 Оқушылар арасындағы аудандық байқауға Сыр өңіріне белгілі ардагер-журналист Мейрамбек Шілдебаев бастаған азаматтар қатысып, талапкерлердің шығармашылығын бағалады. Қазылар алқасының құрамында аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Қаракөз Қалжанова мен аудандық газет бас редакторының орынбасары Аружан Мұханбетқали болды. Байқаудың ашылу салтанатында аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі:

– Аудан айнасы биылғы жылы мерейлі 85 жылдығын атап өтуде. Осыған орай аудан оқушылары арасында «Төл басылымның тұрақты оқырманымын» тақырыбында эссе жазу байқауын ұйымдастыруды жөн көрдік. Байқаудың мақсаты: Ойлы оқырман үшін бағасы биік басылымның мерейтойына арнап басылым жайлы, ардагер немесе жас тілшілер, билік пен халық арасындағы алтын көпір саналатын журналистер жұмысына деген құрметін, ел тағдырына, ел тарихына қатыстылық сезімін жандандыру, ел арасында белсенді шығармашылық адамдарын халыққа кеңінен насихаттау, – деді Диас Жасұланұлы.

Байқауға ауданның 17 мектебінен 16 оқушы қатысып, ережеге сәйкес эссе жазды. Қортындысында қазылар алқасы үздік шығармаларды анықтады.

– Оқушылар жазған эссенің барлығын жеке оқып, танысып шықтым. Ізденісті серік еткен озат оқушылардың ұстаздарына, ата-аналарына алғыс айтамын. Байқау жеңімпаздары жөнінде арнайы мақ ала жарияланатын болады. Аудандық газет редакциясы тарапынан жыл көлемінде оқушылардың шығармашылығына ақпараттық қолдау көрсетіледі.

Бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өткізілуіне жанашырлықпен атсалысқан аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжановқа, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Жадыра Бағдатқызына, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Әсел Қошпановаға ерекше алғысымды білдіремін.

Эссе байқауының ұйымдастырылуына ұйытқы болған, ережесін бірлесе бекітіп, жан-жақты қолдау білдірген бөлім басшылары Бағдат Мырзалыұлы мен Берік Съездұлына да редакция ұжымының атынан ризашылығымды айтамын, – деді аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы.

Айту керек, байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені №37 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Алтыншаш Арыстанбек, жетекшісі Алтыншаш Оразалиева, 1 орынды №147 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Шахназ Меңлібек, жетекшісі Нейла Торғаева, 2 орынды №42 Қ.Баймағанбетов атындағы  мектеп-лицейінің  9-сынып оқушысы Гүлім Қылышбек, жетекшісі Перуза Миянова, 3-орынды №139 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айзере Сағатқызы, жетекшісі Өскен Сейдахмет жеңіп алды.

Барлық байқау жеңімпаздары мен қатысушыларға газет редакторы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналисттер Одағының мүшесі Жәнібек Махамбет Алғыс хат пен сый-сияпат тапсырды.

Мерейтой аясында іс-шаралар жыл бойы жалғасатын болады.

Тағы да оқыңыз: