Kyzylorda-news.kz. Тереңөзек кентіне қарасты жаңа қоныстану аймағының ең шеткі көшесінде тұратын тұрғындар қуанышы еселенуде. Аталған көше даңғайыр күрішші, Ұлы Отан соғысының ардагері онсегіздік Бақтияр Жақыповтың есімімен аталады. Бүгінде көшеге ауыз су, газ келіп тұр. Жарық жүргізіп, асфальт төсеу жөнінде бірнеше жылдан бері тұрғындар өтініш айтып келе жатқан болатын. Жақында Бақтияр Жақыпов көшесі жарықтандырылды.
Шын мәнінде, аудан көлемінде ілкімді істер жалғасын табуда. Оның ішінде, Тереңөзек кентінің тазалығы, көшелерінің жөнделуі, тұрғын үйлердің жаңаша қалыпқа келтірілуі көңілге медеу сыйлайды. Мәселен, өзіміз тұратын көшеге жақында самаладай жарық берілген болатын. Аталған мәселенің шешімін тапқанына дән ризамыз. Осыған дейін жергілікті тұрғындар көшеде жарық болмауына бірнеше мәрте алаңдаушылық білдірген еді. Себебі, көшенің қараңғы болуы мектепке қатынайтын балалар мен егде кісілердің жүріп-тұруына кедергі келтіретін. Бұл ретте, мәселенің шешім тапқанына көше тұрғындары ерекше қуанып, іс басында жүрген азаматтарға шынайы алғыстарын білдіруде. Ендігі кезекте, көпшіліктің толғандыратын мәселесі көшеге асфальт төсеу екенін сөз басында айтқан болатынбыз. Барлығымызда аталған мәселе биыл жүзеге асса деген үміт басым. Кент көшелері күннен-күнге көркейіп, онда тұратын адамдардың қуанышты жүзін көру қандай бақыт, – дейді ардагер журналист Шаһарбек Нұрсейітов.
Алдағы уақытта мұндай жұмыстар аудан бойынша атқарылатын болады.