Kyzylorda-news.kz. Былтыр Тасбөгет кентінің коммуналдық саласын жетілдіру, инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асқан. 8 көшеге орташа жөндеу, 1 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарының жобалау құжаттары әзірленген.
«Наурыз» шағын ауданындағы аулаларға 25 дана түнгі жарықшамдары орнатылып, «Белгісіз солдат» ескерткішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында байдарка және каноэ есу базасы, 4 спорт клубы және Бозғұлов көшесіндегі көпқабатты үйлер ауласына 1 ойын алаңы салынып, Наурыз, Тасарық шағын аудандарында орналасқан 5 спорттық-балалар ойын алаңы ағымдағы жөндеуден өткізілген.
«Ауыл тұрғындарының бірлігі негізінде атқарылып жатқан жұмыстар легіне де тоқталып өтсек. Өткен жылы демеушілік есебінен «Карамель» оптомаркетінің алдына балалар ойын алаңы, Бозғұлов көшесіне 1 дана аяқ су насосы орнатылды. «Агроспецмонтаж» өндірістік кооперативінің демеушілігімен кенттегі Құнанбаев, Мұратбаев, Маханбетов, Молдағұлова көшелерінің кейіннен қалыптасқан бөліктеріне ауыз су желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары Тасбөгет кенті тұрғындарының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысу қарқыны артты. 2021 жылы барлық бағдарламалар бойынша 103 жоба мақұлданып, 1 млрд 188 млн теңгеге қаржыландырылды. Жыл көлемінде 90 кәсіпкер тіркеліп, 150-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Кент аумағынан түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар салуға сыртқы көздерден 2 млрд 130 млн теңге көлемінде қаржы тартылып, нәтижесінде 140-тан аса жаңа жұмыс орындары ашылды», – деді Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов.

Бұдан бөлек, 2021 жылы Тасбөгет кентіне қарасты Сабалақ өңірін ауыз сумен қамту жобасы аяқталды. Қазіргі таңда «Агроспецмонтаж» өндірістік кооперативінің қолдауымен 5 шақырым көшеге ауыз су желісі жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» ЖШС-і 50 млн теңгеге өңірге қосымша ұңғыма қазып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын ауыз су мұнарасының құрылысын аяқтады.
Сондай-ақ, Ш.Есенов атындағы 150 орындық білім беру орталығының құрылысы аяқталса, жеке кәсіпкер өңірдің кіре берісінен «Bilim Orda» жеке мектеп құрылысын жүргізді. Бұл мектеп алдағы уақытта 500-ден аса баланы қамтиды деп жоспарланып отыр.
