Kyzylorda-news.kz   Талсуат ауылдық округінің №178 орта мектебінде «Qosyl wave» іс-шаралары аясында оқушылармен «Тәрбие тал бесіктен» жиыны өтті. 
Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын-алу және болдырмау, буллингтің және диструктивті жат ағымдардан сақтану бойынша ата-аналар мен оқушыларға тақырыптық ақпараттар берілді. 
Оқушылармен өткен кездесуде алдымен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы айтылды. Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы десек, баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы үйінде қалыптасады. Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Оның саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың басты парызы. Сондықтан саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеуде отбасы құндылығына басымдық берілуі қажет. Шараны ұйымдастырушылар осыған баса көңіл бөлу керектігін айтты. 
Сонымен қатар мамандар бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі немесе бойындағы өзгерістерді анықтау бойынша бағыт-бағдар берді. Бұл жасөспірімдермен байланыс жасауда ескеретін басты жағдай болмақ. Шара барысында оқушылар үшін сақтық шаралары да қамтылды. Мәселен, аталған кедергілерге тап болған жағдайда оларға көрілетін жауапкершілік мен тәртіптік шаралар сөз болды. 
Жиынға қатысқан ата-аналар мен оқушылар тақырып аясында біршама мағлұмат алды.

Тағы да оқыңыз: