Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 2023 жылдың  қаңтар-наурыз айындағы көрсеткіштер сараланып, тиісті бөлім тарапынан қорытынды шығарылды. 

Аудандағы халық саны осы күні 37863 адамды құрады. Экономикалық белсенді халықтың, яғни бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 211712 теңге. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға өсіп отыр.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші – өнеркәсіп өндірісі екені белгілі. Осы жылдың алғашқы тоқсанында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 22214,0 млн. теңгенің өнімін өндірді. Салыстырмалы түрде қарасақ бұл көрсеткіш 2022 жылдың осы деңгейіне қарағанда 10,5 есеге ұлғайған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7305,0 млн. теңгені (109,5 пайыз) құрап отыр.

Соңғы жылдары ауданда мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі аталған мерзімде  1546,8  млн. теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артқан.

Нақты айтқанда, есепті мерзімде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара басының саны 105,1 пайызды – барлығы 37705 бас, оның ішінде сиыр 103,5 пайызды – 22117 бас, жылқы 109,8 пайызды – 19575 бас,  түйе 101,9 пайызды – 1582 бас, қой мен ешкі 105,5 пайызды – 33719 бас, құс 106,4 пайызды – 12153 бас құрады. 

Ел Президентінің, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданға инвестиция тарту мәселесі орындалуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын өркендетуге септігін тигізетіні анық. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында аудан экономикасына 11348 млн.теңге негізгі капиталға инвестиция тартылғанын айту керек. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен  салыстырғанда  6 есеге ұлғайған. 

Тұрғын үй құрылысы бойынша 2023 жылдың қаңтар-наурыз айында 3365 шаршы метрге тұрғын үй салынды. 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,1 пайызды құрады. Салынған тұрғын үйлердің барлығы халықтың жеке қаражат есебінен.

Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың 3 айында 1071 млн. теңгені құрап, 2,2 есеге артық орындалды.

Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша да өсім бар. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурызында  548,1 млн теңгені құраса, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,7 пайызды құрады. Жалпы биылғы жылдың 1 сәуіріне ауданда 3232 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  тіркелді. Оның ішінде 138 шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 1443 жеке кәсіпкерлер, 1649 шаруа және фермер қожалықтары.

Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3119 болып, өткен  жылдың  осы  кезеңімен  салыстырғанда 133,7 пайызды құрады. Жұмыс жасап тұрған  кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 96,5 пайызды құрады, – дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов.

Негізінен ауданда кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемелкеттік бағдарламаларды түсіндіру, насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, жұмыссыз жастардың өз бизнесін бастауға берілетін мүмкіндікті тиісті деңгейде түсіндіру арқылы жеңілдетілген пайызбен немесе қайтарымсыз грант алу мәселесі жақсы жолға қойылған. Нәтижесінде бірқатар сырдариялықтар жаңа кәсіп ашып, мемлекеттік бағдарлама игілігін көруде.
 

Тағы да оқыңыз: