Kyzylorda-news.kz. Серпінді Сырдария ауданымызда серпілісті жұмыстар атқарылып, ауданымыз жаңа кезеңге зор жетістіктермен қадам басып келеді. Аудан орталығының да, ауданға қарасты елдімекендердің де күн санап жаңарып келе жатқаны келешекке деген сенімді молайта түседі.

Сырдария ауданында құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп, зор нәтижелерге қол жетікізіліп келеді. Биыл мұнда 7,3 миллиард теңгеге 58 жоба жүзеге асырылатын болады. Солардың ішіндегі негізгі жұмыстарға тоқталып өтіп, оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 80 тұрғын үй сатып алу жоспарланса, қазір 50 тұрғын үйге 480 миллион теңге бөлініп отыр.

Оның ішінде, бірінші кезекте халыққа қажетті құрылыстарға басымдық беру керек. Бұл бойынша 34 жобаға 1 миллиард теңге бөлініп, 27,6 шақырым жолға асфальт жабындылары төселіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 488,7 миллион теңгеге 12, облыстық бюджеттен 335,2 миллион теңгеге 19 және келер жылға өтпелі 206,1 миллион теңгеге 3 жобаның жұмысы басталған.

Кент келбеті көрікті көшелермен айшықтала түспек. Биыл аудандағы бірқатар көшелер жөндеуден өткізілуде. Түзу, тегіс, кең көшелер ауданымызға сән беріп, үлкен қаладағыдай кейіп беріп тұрғаны байқалады. Одан бұрын, бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауда.

Жолдың сапалы болуы көлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жолаушылар үшін де маңызды. Сол үшін жыл сайын жол жөндеуге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жұмыс жоспар бойынша жүзеге асуда. Жол салу ісіндегі ерекше жаңалықтың бірі – Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қосатын «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолы 1,4 миллиард теңгеге, «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасы 687 миллион теңгеге жөнделуде.

Ауданда ауызсу, электрмен қамту, газға қатысты жобаларға басымдық берілген. Атап айтсақ, республикалық және облыстық бюджет есебінен берілген 1,6 миллиард теңге қаржыға Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері және электр тоғын тарату трансформаторлары түгелдей ауыстырылады. Демеушілер есебінен Қалжан ахун, Шаған елді мекендерін электрмен жабдықтауға жоба-сметалық құжат әзірленіп, тиісті басқармаға өтінім ұсынылып, қазір Шаған ауылына облыстық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген. Ал Асқар Тоқмағанбетов, Сәкен Сейфуллин елді мекені мен Тереңөзек кентін электрмен жабдықтауға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Биыл Шаған және Қоғалыкөл ауылының ауызсу құбырларын жаңартуға 246 миллион теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ 725,5 миллион теңгеге 4 елді мекеннің 22 көшесіндегі ауызсу құбыры құрылысына жоба-сметалық құжат әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілген.

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды әрі маңызды жұмыстың бірі – газдандыру. Бүгінде Тереңөзек кенті «көгілдір отынмен» толық қамтылса, ауылдық округтерде бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілмек. Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағанбетов және Шаған ауылдарын газдандыруға 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Биыл Қалжан ахун ауылына газ тарту үшін республикалық бюджеттен 298 миллион теңге қаржы бөлініпті. Ал Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылында осы жобаны бастауға облыстық бюджеттен 40 миллион теңге қаралыпты. Сондай-ақ,  Нағи Ілиясов, Ақжарма елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті.

Бүгінде аталған жұмыстар қарқын алып, Сырдария ауданының көркі қалпына келтіріліп, жаңартыла түсуде. Ағымдағы жұмыстар басшылықтың ұдайы назарында. Тұрмыс жағдайы жақсарған сайын ауданымыз да жасарып келе жатқан іспетті. Тұрғындар қуанышында шек жоқ. Расында да еліміздің өркендеуі осындай шағын аудандардың көркеюінен бастау алмақ.

Тағы да оқыңыз: