Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығының тың бағыттарына бетбұрыс байқалады. Соның бірі – бұрын-соңды көпшілік тек теледидар мен деректі фильмдерден ғана көріп жүрген африкалық түйеқұсты жерсіндіру. Қазіргі таңда Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында түйеқұс өсіру табысты кәсіпке айналып келеді.
Африка құрлығында кең таралған бұл ірі құсты өңірге әкелуге «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасаған. Түйеқұстар Өзбекстан Республикасы арқылы жеткізілген. Табиғаты ыстық әрі ылғалды климатқа бейімделген құсқа бастапқы кезеңде Қазақстанның ауа райына үйрену оңайға соқпаған. Осыған байланысты түйеқұстар әуелі Сарыағаш қаласында бір ай бойы арнайы күтімде болып, карантиннен өткен. Мамандардың бақылауынан кейін ғана олар Бесарық ауылына әкелінген.
Алғашында ауыл тұрғындары бұрын-соңды көрмеген ерекше құсқа таңданыспен әрі күмәнмен қараған. Дегенмен уақыт өте келе түйеқұстар жергілікті ортаға бейімделіп, ауыл халқының да көздері үйрене бастаған. Қазір бұл құстар шаруашылықтың бір ерекшелігіне айналған.
Сыртқы бейнесі сұсты көрінетін түйеқұстың пайдасы орасан зор. Аталығының бойы үш метрге жуықтап, салмағы 100-140 келіге дейін жетеді. Ал аналығы толық жетілген кезінде шамамен 1 метр 70 сантиметрге дейін өседі. Түйеқұстың еті диеталық өнім ретінде жоғары бағаланады. Қауырсындары сахналық костюмдер мен сәндік бас киімдер жасауға қолданылады. Ал жұмыртқасының салмағы 2,5 келіден 4 келіге дейін жетіп, нарықта ерекше сұранысқа ие.
Шаруашылықты жүргізіп отырған «Бесарық» ЖШС директоры Мақсат Биболатов түйеқұс өсіруді қалдықсыз өндіріс ретінде қарастырып, бұл кәсіптен үлкен табыс күтіп отырғанын айтады.
– Алғашында 12 түйеқұсты әрқайсысын 400 мың теңгеден сатып алдық. Олардың басым бөлігі – бес жастағы құстар. Кейін тағы бір бөлігін алдырдық, бағасы өзгерген жоқ. Жасы мен салмағына аса мән берілмейді. Қазіргі таңда елімізде түйеқұс өсірумен айналысып отырған шаруашылықтардың жұмысы алға басып келеді. Себебі бұл құстың өніміне сұраныс жоғары. Еті, әсіресе, қан қысымы мен қант диабетімен ауыратын адамдарға өте пайдалы. Сондықтан бұл бағытқа қызығушылық жыл сайын артып келеді, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, түйеқұс аса көп күтімді қажет етпейді. Шаруашылықта екі ғана баптаушы барлық жұмысқа үлгеріп отыр. Құстар үшін ашық, кең алаң пайдалы. Алдағы уақытта түйеқұстардың өсіп-өнуіне барынша қолайлы жағдай жасау жоспарлануда. Негізінен түйеқұс 1,5 жасынан бастап жұмыртқалай бастайды. Алдағы уақытта инкубатор құрылғысын сатып алу мәселесі де мамандармен келісілген.
Түйеқұстарды азықтандыру аса қиын емес. Оларға жоңышқа, жүгері, бидай секілді жем-шөп беріледі. Уақытылы суарып, күтім жасалса, құстар көп ауырмайды. Ал қандай да бір ауру белгілері байқалған жағдайда Сарыағаштағы арнайы мамандар көмек көрсетуге дайын. Қазіргі таңда шаруашылықтың басты мақсаты – түйеқұстардың санын көбейту. Ал құс басы артқан соң өнімдерін сатуды және сыртқы нарыққа шығуды да жоспарлап отыр.
– Көпшілік түйеқұстың өнімдері туралы толық біле бермейді. Негізінде оның терісі, тұяғы, тұмсығы, еті мен жұмыртқасы түгелдей кәдеге жарайды. Терісі өте берік, піл мен қолтырауынның терісіне теңестіріледі. Одан аяқ киім, сөмке және сәндік бұйымдар жасауға болады. Ал еті мейрамханаларда диеталық тағам ретінде жоғары сұранысқа ие, – дейді серіктестік басшысы.
Түйеқұстар негізінен сәуір мен қазан айлары аралығында жұмыртқалайды. Бір құс аптасына бір-екі жұмыртқа беріп, бір маусымда 50-60 жұмыртқаға дейін өнім беруі мүмкін. Қазіргі таңда нарықтағы бір жұмыртқаның бағасы 3-5 мың теңге аралығында сатылса, етінің бір келісі 7-12 мың теңгеге дейін бағаланады. Демек, дұрыс күтім жасалып, жем-шөбі уақытылы берілсе, бұл кәсіптің табысы да қомақты болмақ.
Қазіргі таңда елімізде түйеқұсты жерсіндіріп отырған фермерлердің қатары артып келеді. Алдағы уақытта Сырдария ауданында да бұл бағытта бәсекеге қабілетті шаруашылықтардың саны көбейеді деген сенім бар. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындары арасында түйеқұс сатып алу жолдарын сұрастырып жүргендер аз емес.
Айта кету керек, түйеқұстар – жер бетінде миллиондаған жыл бұрын пайда болған көне құстардың бірі. Олар негізінен Африка мен Австралия құрлықтарында тіршілік етеді және шөлейтті аймақтарға жақсы бейімделген. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, шамамен 300 жыл бұрын түйеқұстар Африкадан бөлек Палестина мен Кіші Азия аумақтарында да кеңінен таралған.
