Kyzylorda-news.kz. Санаулы күн бұрын «Amanat» партиясы ұсынып, Президент Жарлығымен қайта тағайындалған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен жылдың соңында Сыр еліне жұмыс сапарымен келген болатын.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын көрді, қолға алынған жұмыстарға, бұл тараптан жасалған ұсыныстарға зер салды. Өнеркәсіп, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, өзекті деген мәселелерге қолдау білдіретінін жеткізді.
Расында, өткен жылы облыста қандай жұмыс жасалды? Бұл турасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жуырда облыстық мәслихаттың VIII шақырылым сессиясында тарқатып айтып берген еді.
Жалпы 2022 жыл облыс үшін табысты болды деуге негіз бар. Табысты болу дегеніміз – бар мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Әйтсе де, әлеуметтік-экономикалық макрокөрсеткіштер бойынша өңірлер арасында алға шығуын аз уақыттағы табанды еңбектің жемісі деп бағалаған абзал.
Былтыр облыста өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8, инвестиция тарту 26,8, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3,3, құрылыс жұмыстары 16,6, сауда көлемі 2,3 пайызға артқан. Осының ішінде инвестиция тарту қарқыны бойынша облыс 2021 жылмен салыстырғанда өңірлер арасында бірінші орынға тұрақтап, 100,6 млрд теңге артық орындаған.
Сонымен қатар, индустрияландыруды дамытуда ілгерілеу бар. Бұл санатта құны 1 млрд теңгеден асатын 5 жоба жүзеге асырылған. Олар – жылына 200 мың текше метр бетон шығаратын зауыт, 324 тонна балық өңдейтін, 1056 тонна балық ұнын өндіретін, 630 тонна күріш ақтайтын зауыт және 23,4 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Жалпыұлттық Бірыңғай жобалар пулы қалыптасқанын да білеміз. Оған құны 907 млрд теңге болатын 36 жоба енгізілген. Соның ішінде былтыр 5,1 млрд теңгенің 4 жобасы іске қосылған. Ал биыл 13,4 млрд теңгеге 9 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Сайып келгенде, мұның өзі облыста экономиканы әртараптандырудың жанданғанын көрсетеді.