Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында егісті суармалы сумен қамтамасыз ету және мал азығын дайындау мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы өңірде орын алған қуаңшылық мәселесі аса күрделі екенін еске салып, ауыл шаруашылық саласына айтарлықтай қиындық туғызғанын атап өтті.
«Нарын-Сырдария су қоймаларында жиналған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. 878 миллион текше метрге кем жиналды. Біз вегетациялық кезеңде егінді қажетті сумен қамтамасыз ету үшін, мүмкін болған барлық шараларды қабылдадық. Аймақтағы егінді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін, алда 1 айдан астам уақыт бар. Мәселе күн тәртібінен түскен жоқ, әлі де өзекті», – деп ескертті облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев суармалы сумен қамту жұмыстарын, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы директоры Хамит Биімбетов су айдындарының ахуалын баяндады. Cуармалы суды тиімді пайдалану мақсатында облыста 93 су қондырғылары жұмыс жасауда.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аймақ басшысы Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне егіс көлемін судан қалдырмау мақсатында «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы тарапынан бекітілген «Су тапшылығы жағдайына байланысты каналдар бойынша кезектестіріп суландыру» кестесін қатаң сақтау, су беру көздеріне су тартатын қондырғылар орнату және жиналған қайырлардан тазартуды тапсырды. Сондай-ақ, егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын суармалы сумен толықтай қамтамасыз ету мен су тартатын қондырғыларға қажетті дизель отынын жеткізу міндеттелді. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалына Сырдария өзені арқылы алынатын суармалы суды кестеге сәйкес бөлінуін қамтамасыз ету, Қармақшы, Қазалы және Шиелі аудандары бойынша коллекторларға қойылатын су тарту қондырғыларын 2021 жылғы 20 шілдеге дейін аяқтау және магистралды каналдарды жедел түрде тазалау жөнінде тапсырма берілді. Мұнан бөлек, аймақ басшысы сатып алынатын 43 дана насос қондырғысын елді мекендерге жедел жеткізуді тапсырды.
Отырыста төрт түлік малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Атқарылған жұмыстарды ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тізбектеді. Биылғы жылдың 1 маусымына облыс бойынша қысқа түсетін малдың саны 534,6 мың шартты мал басын құрап отыр, сәйкесінше зоотехникалық есепке сәйкес 942,4 мың тонна ірі азық қажет. Жыл аяғына дейін жоңышқа дақылынан 220,2 мың тонна өнім жиналады деп күтілсе, қалған 722,2 мың тоннасы табиғи шөппен және күріш сабанымен толықтырылатын болады.
Облыстағы мал басын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандар мен Қызылорда қаласында арнайы штабтар құрылып, шабындық жерлердің нақты көлемдері айқындалды, қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз ету бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Облыстың елді мекендерінде шөп дайындайтын 114 бригада құрылып, оған 170 ауыл шаруашылық техникалары мен 823 адам күші жұмылдырылуда.
Әрбір елді мекендердегі ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпкерлермен жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал бастарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз етіп, оларға қолжетімді бағада мал азықтарын сату үшін 17 меморандум жасалды. Бүгінгі күні барлық елді мекендерде шөп жинайтын бригадалар жасақталып, жаппай шөп ору науқаны басталды. Қуаңшылыққа ұшыраған Арал ауданындағы жем–шөп дайындау жұмыстар туралы онлайн режимде аудан әкімі Серік Сермағамбетов баяндады. Жалпы қысқа түсетін төрт тұлік малға 184,6 мың тонна шөп қажет болса, оның 36,5 мың тоннасы ауданның шабындық жерлерінен дайындалады. Ал, жетіспейтін 148,1 мың тонна сырттан дайындалмақ.
Осыған орай ауданнан шөп дайындайтын 5 бригада 30 адаммен жасақталып, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында шөп ору жұмыстарын бастап кетті. Одан бөлек, Жалағаш және Қармақшы аудандарымен меморандум жасалынып, 3 бригада жұмылдырылмақ.
Сондай–ақ, 3 шаруашылық «Азық-түлік келісімшарт Корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 490 тонна арпа жемін сатып алуға келісім шарт жасалып, бүгінгі күні осы жемнің 125 тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді. Қалған көлем 1-2 күнде вагондарға жүктелетін болады. Облыс бойынша қысқа түсетін ауыл шаруашылығы малдарын жем-шөп қорымен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары бекітіліп, осы жоспарда әрбір ауданға Арал ауданының ауылдық округтері бойынша бөлінісі жасалып, қажетті шөп көлемі нақтыланып берілді.
Жиында онлайн байланыс арқылы Қазалы ауданындағы жағдай бойынша аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндама жасады. Мал азығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі аудандық штаб құрылып, арнайы іс-шаралар жоспары қабылданды. Есепке сәйкес мал қыстату науқанына 142 мың тонна шөп және 28,6 мың тонна жем қажеттілігі нақтыланды. Қажетті шөптің 70,4%, ал жемнің 10% өз күшімен қамтамасыз етіледі, қалғаны сырттан тасымалданады деп жоспарлануда.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне жергілікті жерде алдағы қыс маусымына қажетті жем-шөп көлемін толығымен дайындап, артылған көлемін Арал және Қазалы аудандарына жеткізуді, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамынан жемдік бидай, арпа және сұлы өнімдерін сатып алуды ұйымдастыру үшін аудандардан арнайы оператор белгілеуді, жұмыссыз жүрген жастарды және жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген азаматтарды шөп дайындау жұмыстарына тарту жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, «Азық түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жемдік азықтар сатып алу жұмыстарын үйлестіруді жүктеді.
Аудандардың қажеттілігіне орай мемлекеттік орман қоры жерлерінен арнайы шөп дайындайтын аумақтарды белгілеу, ауыл шаруашылығы жануарларының ауруын болдырмау, ауру малдарды алдын-ала анықтау және эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы жүзеге асыру мен эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылау тапсырылды. Отырыста айқындалған тапсырмаларды бақылау және үлестіру облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановқа жүктелді.