Kyzylorda-news.kz «Су – өмірдің нәрі» дейді халық тәмсілінде. Оған «Судың да сұрауы бар» ұлағатын қосыңыз. біріншісінен, сусыз тіршілік жоқ екенін ұғамыз. Ал, екіншісінің тікелей мағынасын да, астарлы мәнін де ұқпай жүрміз-ау, осы...
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дамушы елдердің 1 млрд. адамына ауыз су толық жетпей отыр. Жалпы, адамзаттың 20 пайызы таза судан тапшылық көруде. Әсіресе, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азияның бірқатар елдерін жатқызуға болады. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану көлемі 8 есе өскен екен. Сарапшылар 2025 жылға қарай тұщы су тапшылығы 1,3-2,0 триллион текше метрге жетуі де әбден ықтимал деуде. Соның барлығын саралай келе, халықаралық сарапшылар 2030 жылдары планета тұрғындарының 47 пайызы тұщы су жетіспеушілігінен зардап шегетінін алға тартуда. Яғни, ХХІ ғасырдың басты стратегиялық ресурс мұнай емес, тұщы су болады.
Деректерге сенсек, 2025 жылға таман трансұлттық корпорациялар дамушы елдерден орасан зор көлемде тұщы су көздерін сатып алады. Нәтижесінде жаһандық нарықта су экспорты халықаралық алып бизнеске жол ашады-мыс. Содан болар Біріккен Ұлттар Ұйымы «ХХІ ғасырды тұщы су дәуірі» деп жариялады. Халықаралық ұйымның мұндай тоқтамға келуіне әлемдегі судың үш пайызы ғана тұщы суды құрайтыны және демографиялық өсімнің күрт өсуі себеп болғандай. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «Әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады» деп атап көрсетуі де сондай қауіп-қатердің мәнін барынша аңғартатындай. БҰҰ сарапшыларының зерттеулеріне қарағанда, 2020 жылдан кейін әлемнің 22 ірі мегаполисі тазартылған судың жетіспеушілігінен зардап шегеді.
Вnews.kz Қазақстандағы таза су қоры 3 пайызды ғана құрайтынын жазыпты. Ақпараттық агенттік Қазақстан 1950 жылдары 120 млрд. текше метр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текше метрге дейін кеміген, дейді. Елдегі 100 текше шақырымды құрайтын жер үсті су қорының 58 пайызы ғана республика аумағында жинақталады екен. Ал, қалған су қоры көршілес мемлекеттердің аумағынан, нақтылап айтсақ, Ресейден, Қытайдан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алатын трансшекаралық өзендердің суымен толығады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің ішінде «Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы», деп атады. Елбасы 35 жылдан кейінгі уақытты бағдарлайтын стратегиялық құжатта суға ерекше мән беруінің себебі бар. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Оның үстіне, бірқатар өңірлер судың жетіспеушілігін қазіргі уақытта сезінуде. Осыған байланысты жер асты тұщы су арналараны зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет 2011-2020 жылдарға арналған екі кезеңнен тұратын «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама аясында «Талап-Сырдария» топтық су құбыры арқылы Қаратаудың етегінде қоныстанған Бесарық, Манап, Қосүйеңкі, Бірлік, Кеңес, Құттықожа, Шалқия кенті, Кейден ауылына дейінгі шойын жол бойындағы бекеттер және Көктөбе мен Байкенже аралығындағы елді мекен тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады. Қазірдің өзінде Бесарық, Талап, Аққұм бекеті мен Кейден ауылдық округіндегі су жинайтын қоймаға (резуар) құбыр қосылып, желтоқсан айында судың келуін күтіп отыр.
Бүгінде құбыр жүргізуге міндетті мердігер «Ақжол» ЖШС Сырдариядан 530 диаметрлі төрт трубаның үшеуін өткізген. Құрылыс прорабы Оңласын Қарабаев:
– Құбыр дарияның табанынан алты метр тереңдікте өтуде. Қазір бір құбырды өткізіп, екіншісімен жұмыс жасалуда. Жұмысты Ресейден арнайы шақыртқан мамандар жасауда. Ұңғыманы көлденеңнен жатқызып бұрғылайтын «LVD 500», «XZ 1000A» маркалы техникамен жасалуда. Мамандарды Ресейден шақырттық. Жоспар бойынша Келінтөбе ауылына және Түгіскенге дейінгі құбыр жүргізіліп бітті, – деді.
Айта кететіні, «Талап-Сырдария су бассейні» тәулігіне 10584 текше метр суды пайдаланылса, судың қоры 27 жылға жететін көрінеді. Су 530 метр тереңдіктен 8 ұңғымадан алынады. Талап топтық су құбыры толық іске қосылғанда 28 елді мекендегі 38 000 астам тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал, дарияны жағалай қоныстанған қоныстарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 2015 жылы 100 млн. теңге, 2016 жылы 732,391 млн. теңге, 2017 жылы 785,978 млн. теңге қаржы бөлу қаралған. Елді мекендер бойынша ауылішілік су желісінің жалпы ұзындығы – 77,967 шақырым болса, сервистік желілердің ұзындығы – 116,385 шақырымға тең.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дамушы елдердің өзінде ауыз су проблемасы бар. Жалпы, адамзаттың 20 пайызы таза судан тапшылық көруде. Бұған Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азияның бірқатар елдерін жатқызуға болады. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану көлемі 8 есе өскен екен. Сарапшылар 2025 жылға қарай тұщы су тапшылығы 1,3-2,0 триллион текше метрге жетеді деп топшылауда. Соның барлығын саралай келе, халықаралық сарапшылар 2030 жылдары планета тұрғындарының 47 пайызы тұщы су жетіспеушілігінен зардап шегетінін алға тартуда. Яғни, ХХІ ғасырда басты стратегиялық ресурс мұнай емес, тұщы су болады. Деректерге сенсек, 2025 жылға таман трансұлттық корпорациялар дамушы елдерден орасан зор көлемде тұщы су көздерін сатып алады. Нәтижесінде жаһандық нарықта су экспорты халықаралық алып бизнеске жол ашады-мыс. Содан болар Біріккен Ұлттар Ұйымы ХХІ ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады. Халықаралық ұйымның мұндай тоқтамға келуіне әлемдегі судың үш пайызы ғана тұщы суды құрайтыны және демографиялық өсімнің күрт өсуі себеп болғандай.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «Әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады» деп атап көрсетуі де сондай қауіп-қатердің мәнін барынша аңғартатындай. БҰҰ сарапшыларының зерттеулеріне қарағанда, 2020 жылдан кейін әлемнің 22 ірі мегаполисі тазартылған судың жетіспеушілігінен зардап шегеді. Қазақстан – географиялық жағдайына байланысты барлық ірі өзендердің төменгі сағасында орналасқан мемлекет. Ендеше еліміздегі су ресурстарының жетіспеуін, ең алдымен, осы трансшекаралық өзендер ағысының азаюымен байланыстыра қарауға болады. Өзендердің түгелге жуығы – Ертіс, Еміл, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық, Тобылдың бастау көзі шет елдерде, су ресурстарының жартысына жуығы елімізден тысқары жерде қалыптасады. Әр түрлі есептеулер бойынша, біздегі 100 текше километрден аса судың 50 пайызы шет елден келеді. Ал жыл сайын көршілес мемлекеттер халқының саны ғана емес, экономикасы да өсетіні аян. Осы орайда кейбір сарапшылар 2030-2050 жылдары судың бағасы алтын мен мұнайдан да қымбат болады деген болжам айтуда. Вnews.kz Қазақстандағы таза су қоры 3 пайызды ғана құрайтынын жазыпты. Қазақстанда 1950 жылдары 120 млрд. текше метр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текше метрге дейін кеміген. Елдегі 100 текше шақырымды құрайтын жер үсті су қорының 58 пайызы ғана республика аумағында жинақталады екен. Ал, қалған су қоры көршілес мемлекеттердің аумағынан, нақтылап айтсақ, Ресейден, Қытайдан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алатын трансшекаралық өзендердің суымен толығады. Міне, еліміз үшін қатерлі құбылыс – мемлекетаралық өзендер арқылы жерімізге келетін судың азаюы өз алдына, су қоры өндіріс, тұрмыс қалдықтарымен ластана бастады. Сондай-ақ әртүрлі қазба байлықтар, оның ішінде мұнай, газ, уран, мыс, алтын және құрылыс материалдарын өндіретін аймақтарда да осы мәселе өзекті. Өз ауданымызға келсек, ауыз су айналасында айтылып, көтеріліп жүрген мәселе көп. Жыл өткен сайын аудан орталығындағы халық саны артып, әкімшілік аумағы кеңейіп келеді. Осы мәселе жөнінде тәуелсіз заңгер Әбдімәулен Сабырхановтың өз айтары бар.
– Негізі суды ауыз су және техникалық су деп екіге бөлеміз. Қызылорда облысында жер астында ішетін суы бар жалғыз ауданбыз. Басқа ешқандай ауданның жер астында ауыз суы жоқ. Ауызсуды техникалық мақсатта пайдалану айтып жеткізгісіз қиянат. «Шалқия ЦИНК» зауытының мына Алтыкрант аймағынан 14 скважина қазып, ауызсуды техникалық су ретінде пайдалануға құжаттарын әзірлеп жатқаны белгілі. Мұны көпекөрнеу қиянат дер едім. Өндіріске қажетті суды дариядан алуы тиіс. Бұл тәжірибені «СКЗ-U» ЖШС қолданып, арнайы құбырлар арқылы тартып, дария суын пайдаланып жұмыс жасап жатыр. Біздің аудан «Шалқия Цинк» мекемесіне де осы жобаны ұсынып отыр. Бірақ, о баста осы алты кранттың жерін алып, сол жерге жоспарлап, 6 скважина қазған болатын. Бұл жердің алтыкрант аталуы да сондықтан. Кейіннен бұл аймақты өздеріне заңдастырып, құжат рәсімдеп қойды. Енді олар Жаңақорғанның астындағы 150 метр тереңдіктегі ауыз суды кен байыту ісіне техникалық су ретінде пайдалануға сақадай-сай отыр. Мұндай жағдайда ауданда су тапшылығы орын алады, ал алдағы он жылдықта не болары белгісіз. Қазіргідей жағдайда, яғни ауыз суға тапшылық туындап жатқан уақытта, бұған жол беруге болмайды, ауыз суды қажетімізге жаратуымыз керек. Дәл қазіргі уақытта зауыт іске қосылған жоқ, әзірге жер асты суымыз аман. Бірақ ертеңгі күні зауыт іске қосылса жер асты суы азайып, кент орталығында 15-18 метрден шығып жатқан су төмен түсіп кетеді. Мысалы, Бесарықтың тұсында «Талап-Сырдария» деген топтық су құбыры бар. Ол жердің де астындағы суды алып жатыр. Салдарынан жер бетіндегі жусандары қурап, табиғатқа залал келтіп жатқанын тұрғындар айтып жүр. Мына Сүттіқұдық халқының да пікірі осыған саяды. Су – жер бетін ысып кетуден қорғап тұратын бірден бір қорғаныш. Дүниежүзінде мұхиттың ең үлкен рөлі осында. Мұхит күннен төгілген ыстықты өзіне тартып алады. Сол сияқты біздің жерасты суымыз азайып кететін болса, ауданда құрғақшылық орын алады, сөзсіз,–дейді.
Бұған дейін ауданда төтенше жағдайлар бөлімін басқарған, одан соң Шалқия кентінің әкімі болған жігіт ағасы жасындағы азаматтың аяқ су және ауыз су мәселесін ұтымды шешу жөніндегі көңіл алаңы ойландырарлық. Оның көше бойына бейберекет септик қазып, 1 горизонттағы суды әбден ластадық деген сөзінің жаны бар. Яғни орталықтандырылған кәріз жүйесін жасау керектігін алға тартады ол. Одан бөлек, Қазақстанда көлік жуу орталығы мен монша секілді суды көп тұтынатын кәсіп иелері суды қайта өңдеу технологияларын орнатуға мүдделі болуы керек. Ауыз суды монша мен көлік жуу орталығында пайдалануға болмайды. Бұл туралы Үкіметте Су ресустары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты. Қазір тиісті норма жаңа Су кодексінің жобасына енгізіліп жатыр екен. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселеде алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін назарға алды. Мәселен, Германия су ресурстарын басқару саласында Еуропа мен әлемдегі ең прогрессивті елдердің бірі болып табылады.\
Бұл тек су объектілерін қорғауда ғана емес, сонымен қатар ауыз суды үнемдеуге және өнеркәсіпте суды тиімді пайдалануға да қатысты.
– Әлемдік озық тәжірибеге назар аудара отырып, біз Су кодексін өзектендірдік. Парламент Мәжілісіне енгізілген құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық берілді. Ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды,- деді Нұржан Нұржігітов.
Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды үнемдеуіне, тазартуына және қайта пайдалануына ерекше мән беріледі. Мысалы, бір көлікті жууға 200- 250 литр су, ал бір жүк көлігіне 500- 700 литрге дейін су жұмсалады. Бұл жылына шамамен 100 миллион текше метр су көлік жууға кетеді деген сөз. Су тапшылығы жағдайында судың шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Әсіресе,еліміздегі көлік жуу орталығы мен монша секілді суды көп тұтынатын кәсіп иелері суды қайта өңдеу технологияларын орнатуға міндетті болады. Расында, адамдар әлі суды үнемді пайдалануға жөнді мән бермей келеді. Мысалы, бау-бақшаларға су шашатын көпшілік су бүрку құралдары сағатына 1000 литр су жұмсайды екен. Бұл төрт адамнан тұратын отбасының бір тәулік бойы пайдаланатын суымен пара-пар. Сондықтан көп елдерде бау-бақшаларды суару жұмысын билік орындары қадағалап отырады. Суды үнемді жұмсаудың, тұтынудың тағы бір жолы – тұрмыста қолданатын судың бағасын көтеру. Қазір көпшілік елдерде үйлерге тұтынған судың көлемін өлшейтін есептеуіш аспаптар орнатылған. Зерттеулерге қарағанда, үйлерде пайдаланылатын су мөлшері осыдан кейін 22 пайызға азайған екен. Демек, жүйелі жұмыс жүргізілсе су тапшылығының алдын алуға әбден болады. Бұл мәселе жөнінде аудандық мәслихат депутаты Бақыт Берділлаевтың да көтеріп жүрген мәселесі көңілге қонымды. Судың адам өміріндегі маңызы белгілі. Бірақ мәселе оны сақтап қалуда дейді ол.
– Шалқия кентінде наурыз айынан бастап қарғын су аға бастайды. Елді мекеннің арғы жағында «Жалғыз ағаш» деген жер бар. Сол жақтан су тасқыны келіп, үші ай бойы тоқтамай ағады. Егер біз сол жерде бөгет салатын болсақ, 2-3 мың текше метр су жинауға болады. Ол су жоғары жақтан ағып келетіндіктен аяқ су ретінде жерасты суын еселейді. Ақүйіктегі суды да дәл солай тосқауыл жасап алып қалсақ, жергілікті халықтың бау-бақшасына, бергі жағындағы суармалы егінге де пайдасы тиетін еді. Егер осы суды үнемдей алсақ, төрт түлігімізді суарып, егініміз де осы сумен толығар едік. Ауыл көшесінде сарылдап су ағып жатар еді. Бұл өте тиімді жоба, қолдау тапса қуанар едік. Егер көктемде үш ай ағатын суды ұстап қалсақ, үш ай жаз бойы тегін су келіп тұрар еді. Біріншіден малымыз су ішеді, екіншіден ол жерде балық өсіруге болады, экологияға да қамқорлығымыз болар еді, – дейді ол.
Ал, аудандық «Казсушар» бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарған Баянбек Халжанов.
– Су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өсуде. Әсіресе, халық санының өсуіне, судың басқа арнаға бұрылуына, сондай-ақ мұздықтардың еруіне, құрғақшылыққа, жердің азып тозу үдерісінің артуына байланысты Орталық Азия елдерінде сумен қамсыздандыру өзекті проблемаға айналуда. Ал біздің аймағымызға келетін болсақ, қазіргі таңда судың тапшылығы байқалуда. Біздің ауданның негізгі күнкөріс көзі – егін және мал шаруашылығы. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 36 мың гектарды құрайтын егістік жерді сумен қамтамассыз ету қиын болып тұр. Сондықтан да, егінді әртараптандыру қолға алынуда. Мысалы, күріштің гектарына 24 500 литр су кететін болса, картоп, жүгері сынды бақша дақылдарына 7-8 мың литр су жұмсалады. Егіншілер жылда өздерінің айналысатын, егетін кәсіптеріне әбден үйреніп қалған ғой. Мысалы, күріш сасымайды, шірімейді, әйтеуір жинап алса болды. Ал, қауын, қарбызды уақытында өткізбесе іріп кетеді, жарамсыз болып қалады. Одан бөлек, картопты егу үшін оған адам қолы көп керек. Ал, күрішті себеді, су береді, табанында су жатса күзде жинап алады. Оның үстіне, облыс бойынша малдың саны бізде көп. Бір жағы күріштің кебегі малға жем, азық. Сол себепті де, күріш егу біздің аймаққа өте тиімді. Дегенде, алдағы уақытта әртараптандыруға көшпесе болмайды. Екінші жағынан мына тау беткейдегі малдың бәрі Сыр беткейге көшеді. көшкеннен кейін ол малға да су керек. Бұрын каналдарда су жата беретін. Қазір дарияның деңгейі төмен түсіп кеткендіктен, каналдарға су бармайды. Осыған байланысты үрмелі су тоспасы салынған. Қазіргі уақытта жарамсыз. Дегенмен бетонмен су тоспасы жүйесі салынса су аз болса да деңгейін көтеріп алар еді. Сонымен қатар облыстан суды қайта пайдаланудың жолдарын қарастырылуда. Күріштен қашыртқыға тасталған ыза суларды қайта егістікке пайдалану қажет. Атап айтсақ, судан қатты қиындық көретін Келінтөбе, Аққорған, Қыркеңсе, Жаңарық, Екпінді сынды елді-мекендерге тапсырып отыр. Алдағы уақытта су жетіспеген жағдайда қашыртқыдағы суды қайта каналға айдап, суды екінші рет пайдалануға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сайып келгенде, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Бұл ел экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан да бар суды тиімді пайдалануға тиіспіз, – дейді сала ардагері.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың болашаққа жоспарлы бағдарының осындай өзектілігінен туындап отырғанын түсінген тәріздіміз.
– Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы күн тәртібіне қойылды. Су тапшылығына байланысты биыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға немесе 5 мың гектарға қысқарады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы құрылымдары түсіністік танытып отыр. Егістікті әртараптандыруға басымдық беріліп, атыздар лазерлік тегістелуде. Бүгінде күріш алқаптарының 55 пайызы тегістелген, осы жылы бұл көрсеткішті 68 пайызға жеткіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, лазерлік тегістелген жерде суды 15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, күріштің қысқа мерзімде пісіп-жетілетін, өнімділігі жоғары жаңа сорттары өндіріске енгізілуде. Қазір Украина ғалымдарымен бірлесіп, «Виконт», «Премиум», «Маршал» сорттары жергілікті ауа-райына бейімделіп, аудандастырылуда. Өткен жылы Ресейдің «Яхонт», «Патриот» жаңа сорттары тәжірибе ретінде 71 гектар жерге егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл сорттардың өнімділігі қолданыстағы сорттарға қарағанда 10 центнерге жоғары, вегетациялық кезеңі 10-15 күнге қысқа, суды 20 пайызға дейін аз қажет етеді», – деген болатын аймақ басшысы.
Ата-бабаларымыз «Судың да сұрауы бар» деген сөзді тектен-текке айтпаса керек-ті. Тіршілік тынысын сусыз елестету мүмкін емес. Бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін шөлде қалған жан білер. Отыз күн оразада күні бойы нәр татпай жүретін адам бір ұрттам судың алпыс екі тамырға нәр берген қуатын сезінетінін айтады. Суды ысырап етпей, үнемді пайдалану әрбірімізге міндет. Суды есепсіз шашыптөккен обалына қалады.
Мемлекет басшысы стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында:
– Басқа елдердегі, мысалы, Аустралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудің озат тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға тиіспіз. Екіншіден, бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет. Үшіншіден, агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысуға тиіспіз. Ең бастысы қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет», – деген болатын.
Бұл ретте аяқ судың тиімді пайдалануын да қаузаған орынды секілді.
Әсел РЗАЕВА