Kyzylorda-news.kz. Шиелілік кәсіпкер Патима Маханбет ауданның кәсіпкерлік саласының дамуына зор үлес қосып, жұмыссыздар қатарын азайту мақсатында 60-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкер 1996-1997 жылдары Шиелі ауданында базар бұрышынан дүңгіршек ашып, ас-ауқат пісіруден бастаған. 2000 жылы «Керемет» кафесін ашып, алты адамға жұмыс беріп, 2002 жылы «Тамаша» кафесін ашып халыққа қызмет көрсетуін жалғастырды. Одан кейін «Тұшпара» жасайтын шағын цех жұмысын іске қосып, сапалы жартылай фабрикат өнімдерін тұтынушыларға ұсынып, елдің ықыласына бөленді.

2005 жылы ауданға аса қажет өнім өндіретін «Шұжық» цехын ашқан. Бүгінде ел сұранысына сай өнімдерді сату үшін аудан орталығынан сауда дүкенін ашып, халыққа шарапатын тигізіп отыр. Алдағы уақытта шығаратын өнімдердің көлемін, сапасын жақсартып халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, өз өнімдерін республика көлеміне сату жоспары бар.

Жақын арада кәсібін кеңейту үшін «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан несие алып, айналым қаражатын толықтырмақшы.

Өз ісінің шебері, қоғам жанашыры, үй мен түздің шаруасына уақытылы үлгеріп, тиянақтылық танытып жүрген нәзік жанның еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Ел еңсесі енді ғана тіктеліп, әлеуметтік тұрақтылыққа бет алған кезеңде шағын бизнес саласында «Жылдың үздік кәсіпкері» аймақтық конкурсында «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясын иеленді.

Бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп отырғанымен қатар қоғамдық жұмыстарға етене араласып, аймақтың экономикалық ахуалының жақсаруына тамшыдай болса да септігін тигізуде.

Тағы да оқыңыз: