Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданына қарасты «Шаған жер» серіктестігі күріш өндірісінен бөлек, ата-кәсіп – мал шаруашылығымен айналысатындығын айта кетейік.  Мал шаруашылығын дамытуда өзіндік бағытын қалыптастырған шаруашылық қызметі әртараптандырылған. Тынымсыз еңбектің жемісін көрген жандар төрт түліктің бабын табуда. Негізінен, халықтың негізгі тіршілік көзіне айналған шаруада бүгінде төрт азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Өз кезегінде мал шаруашылығына жауапты маман, білікті меңгеруші  Ұлтай Смағұлқызы жұмыс барысын саралай түсті.

«Алғаш рет 2020 жылы шаруашылықта мал басы саны нөлдік көрсеткіш болатын. Биыл мал басының жалпы саны 298-ді құрап отыр. Күніне екі мезгіл сауылатын сауынды сиырларымыздан тәулегіне 80 литрден 160 литр сүт өндіреміз. Ал алынған сүттен қатық, айран, құрт өнімдерін шығарып ауылымыздағы сауда дүкен сөресіне қойылады. Осылайша халыққа тиімді бағада ұсынып отырмыз. Былтырғы жылы ет-сүт өнімдерін сататын арнайы дүкен аштық. Бұл да халық игілігі үшін жасалып жатқан үлкен қадамдар. Онан бөлек шаруашылықта 147 бас жылқы оның ішінде 51 бие бар. Пандемия кезінде тұрғындарға тегін саумал ұйымдастырылды. Сонымен қатар өткен жылы 50 қой алынып, биыл 14 қошақанға төлдеп жатыр», – дейді мал шаруашылығының меңгерушісі Ұлтай Смағұлқызы.

Жалпы, Шаған ауылы ертеректен мал шаруашылығымен республикаға  аты шыққан ауыл. Қай кезде де, ата кәсіпті жандандыруға, мал санын көбейтуге «Шаған жер» серіктестігі күш салып келеді. Бұл ретте, шаруалардың жұмысына сәттілік тілейміз!  

 

Тағы да оқыңыз: