Kyzylorda-news.kz.   Арал қаласынан кейін халық көп шоғырланған өңірдің бірі Сексеуіл екенін көпшілік біледі. 12 мыңға жуық халық тұратын бұл өңірде істеліп жатқан жұмыстың барлығы халық үшін. Заманында тоғыз жолдың торабына айналып, өндірістің алып ошақтары орналасқан бұл кентте елдің игілігіне істеп жатқан жұмыс жеткілікті. Ауызсу мен жол, байланыс пен бизнес, білім мен мәдениет те осы өңірдің игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Елге енді керегі – газ. Яғни көгілдір отынға қолы жеткен халықтың ендігі арманы болмас та шығар.

Әрине тұрмыс-тіршілік болған соң күнделікті өмірде халық талабына сай айтылатын ұсыныс-тілектердің болып тұратыны түсінікті. Алайда жайлы өмір үшін маңызды инфрақұрылымдық нысандардың барлығы жұмыс істеп тұрса, қуана беріңіз. Сонымен Сексеуілге де газ келмек. «Қолымыз көгілдір отынға жетсе, мұрнымыз жылып, жұмысымыз жеңілдер еді. Газ келгені жаз келгені ғой» деп қуанған жұрттың риясыз болмысына біз де куә болғанбыз. Осы жылдың басты жаңалығы саналған бұл бағыттағы жұмыстың екпіні қарқынды. Аудан әкімінің жыл сайынғы есебінде қозғалатын осы мәселенің ендігі түйіні тарқатылатын күн жақын. «Жүз рет айтқанша бір рет көр» деген. Жақын күндері сол кентке жол түсіп, сапарлатқанбыз. Кентішілік газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Көше-көше қазылған. Жолдары ойқы-шойқы. Бірақ бұл жағдай кент тұрғындары үшін алаңдайтын мәселе емес. Өйткені олай болуының да өзіндік себебі бар. Бастысы, әрбір үйдің тұсына газ шүмектері қалдырылып, тұрғындар ендігі газ кіргізу жұмыстарына тас-түйін дайын отыр. Көзімізбен көрген бұл жұмыстар жайында білмек болып кент әкімшілігіне хабарластық. Өзін кент әкімінің орынбасарымын деп таныстырған Н.Орынбасаров:

 Ауданға қарасты Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда кентішілік газ құбырын тарту жұмыстары 60-65%-ға орындалып отыр. Жұмысты орындаушы мердігер мекеме «AKBARS STROY Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс беруші – Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі. Негізі бұл жоба екі жылға өтпелі болып табылады, яғни шарт бойынша жобаның аяқталу мерзімі – биылғы жылдың аяғы. Кент ішінде жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қазіргі таңда біздің ұдайы бақылауымызда. Жұмысшыларға жергілікті жерде еркін жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Әзірге жұмыстың қалыпты жалғасуына еш кедергі жоқ. Мұнда жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың дені өз ісін жақсы меңгерген. Сондықтан сапалы істеліп жатқан жұмыстарға халықтың да алғысы ерекше. Барлығы де көзге көрінген жұмыстың тез бітіп, оның игілігін көруге асық, – дейді.  

Иә, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ауданға басшы болып С.Сағитжанұлы келгелі елдің игілігі үшін қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығы маңызды әрі ауқымды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халық үшін жарық, су, жол және газ келсе, басқасы өз реттілігімен орындала жатпақ. Бұл мәселеде сексеуілдіктердің ұпайы түгел десек те болады. Себебі газды былай қойғанда, не суы, не жолы жоқ ауылдар да бар. Оның қасында тіректі елді мекен есебіндегі Сексеуіл кентінің сәні келіскен. 

Кентке газ тарту ісінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Себебі бұл кентте халық саны көп шоғырланған. Сәйкесінше, тұрғын үй де, көше де баршылық. Енді соның барлығына газ желісін тартып шығу оңай шаруа емес. Тартып болған күннің өзінде, ол елді мекенге газ айдау станциясы салыну қажет. Айтқанымыздай, Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жұмыстары осы аптада басталып та кетті. Бұл жобаны орындаушы мердігер мекеме «StroyGazCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күннің салқындығына қарамастан межелі жұмысты уақытылы аяқтауға күш салмақ ниетте. Жоба екі жылға өтпелі болып табылғандықтан, 2023 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Демек сексеуілдіктердің ендігі қысты қамсыз қарсы алып, көгілдір отынның қызығын көретін күн де алыс емес.

Тағы да оқыңыз: