Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сапалы өнім» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты міндеті – тұтынушыларды қауіпті әрі сапасыз өнімдерден сақтау. Осы мақсатта өткен жылы еліміз бойынша импорттық өнімдердің шамамен 68 түрі зерттелсе, оның 19 түрі бойынша тамақ өнімдерінің нормативтік қауіпсіздігінің бұзылуы анықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов мәлімдеді.
– «Сапалы өнім» жобасы бойынша біздің облыста да тексеру жұмыстары жүргізілді. Ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін анықтау мақсатында сүзбелер, кілегейлі сүттер, ультрапастерленген сүттер мен қаймақтар, балалар кондитерлік өнімдері және шикі істалған шұжық секілді 24 өнім сауда үйлерінен санық өткізу мақсатында сатып алынып, «Ұлттық сараптама орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалымен сараптамадан өткізілді. Нәтижесінде, 16 өнімнен таңбалаудағы сәйкестіктер мен мемлекеттік тілде ақпараттардың жоқтығы анықталды. Айта кету керек, нарықтық қатынастарда тұтынушыны барынша қорғау мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға үнемі жүйелі түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен уәкілетті орган заң жобасын әзірлеп, бүгінде мәжілістің қарауына жіберілді. Өздеріңізге белгілі, тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешу кәсіпкер, медиатор және мемлекеттік орган деген үш сатылы жүйе бойынша жүзеге асырылады. Аталмыш Заң жобасы бұл процедураны жеңілдетуді ұсынады. Сонымен қатар, Заң жобасында кәсіпкерге сотқа дейінгі кезеңде заңды талаптарын қанағаттандырмаған тұтынушының пайдасына айыппұл салу көзделгенін атап өткен жөн. Бұл айыппұлдың бірегей ерекшелігі – оның тараптардың бәсекелестігі негізінде сот өндіріп алған сомасы сотта өзінің заңды тұтынушылық құқықтарын қорғайтын тұтынушының пайдасына аударылады. Бұл ретте тауардың құны төмен болған кезде айыппұл пайызы жоғары, ал тауардың құны жоғары болған кезде айыппұл пайызы 10 пайыздан төмен болатынын атап өткен жөн, – деді Ерқасым Жайбергенұлы.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі