Kyzylorda-news.kz 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге мораторий жойылды. Көлеңкелі экономиканың көле¬мін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Яғни әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табысты анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе.

Иа, салық түсімін арттыруда тағы бір теріс әсер ететін жайт, салық есебін нөлдік көрсеткішпен тапсыру немесе табысын жасыру соңғы кездері кең етек алған.

Осы жерде АҚШ-тың салық жүйесі қазіргі уақытта әлемдегі ең озық жүйелердің бірі болып табылатынын зерделедік. Қоғамның экономика¬лық белсенді топтарынан алынатын алымдар федералдық бюджеттің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді екен. Яғни, заң қатал деген сөз. Салықты өз деңгейінде, өз дәрежесінде төлемеген жағдайда бірден барлық қызметтерге бұғат қойылып, үйден шығуға қауқарсыз болып қалады екен. Ал, Қытайдың тәжірибесіне сүйенсек, мемлекеттің негізгі тірегі – дамыған шағын және орта бизнес. Міне, ресми Пекин бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр, екінші жағынан, есептілікті сәтті үйлестіруде. Миллиардтар елінде бұл қалай жүзеге асуда деп ойларсыз-дар? Қытайда кәсіпкер бір рет са¬лық есептілігін нөлдік көрсеткішпен тапсырса, «сенімсіз кәсіпкер» ретінде бағаланып, жұмысына шектеу қойылады екен. Ал, бізде субсидияны миллиондап алса да, салық төлегенде сол қомақты қаржы көрсетілмейді. Бәлкім, тек өзімдікі болсын, өзгенікі «бұл болмаса күл болсын» деген тоғышарлық психологиядан әлі арыла алмай жүргендіктен болар. Мұның бағасын психологтар мен әлеуметтанушылар берер. Бір анығы, ауданда көлеңкелі экономиканың үлесі басым…

Мемлекет алдында тұрған маңызды міндет – көлеңкелі экономиканың көлемін азайту. Алайда халықаралық тәжірибеде бейресми экономикамен күресудің бірегей әдіс-амалы жоқ. Әр ел өзіндегі көлеңкелі экономиканың өміршеңдігін қамтамасыз ететін себебін анықтап, соған байланысты кешенді шаралар жүргізеді. Мәселен, салық саясатын жетілдіру, шағын және орта бизнес жұмысын оңтайландыру, есірткі бизнесімен күрес, иммиграция ағымын реттеу, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқасын атау керек.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыс саналатын жасырын экономикамен күресуде халықтың қаржы мәдениетін көтеру маңызды екенін атап:

«Сауда орындарына барғанда алған тауардың есебін көрсететін түбіртекті талап ете бермейміз. Міне, ең бірінші осыдан бастау керек. Мұны ұсақ-түйек мәселе деп қабылдайтын шығармыз. Бірақ мұның артында сауда орнының тауар айналымын нақты есептеп, салыққа төлейтін мөлшері анықталатын құрал екенін ұмытпауымыз керек» деді.

Ақиқатында, сауда жасаған кезде түбіртекті сұрамайтынымыз белгілі. Осы ретте аудандағы сауда орталығындағы сатушылар мен тұтынушыларға сауалнама жүргіздік. Біз сұраған 20 тұрғын түбіртекті мүлде талап етпейтінін, 12-сі мұндағы саудагерлер мүлде түбіртек бермейтінін алға тартса, біз сауал жолдаған 10 саудагер алдағы уақытта касса аппаратын алатынын желеу етті. Яғни, кәсібінен нәсіп тауып отырғандар мемлекетке салық төлеуге селқос қарап, бейресми экономиканың көлемін арттыруға үлес қосуда. Мысалы, Қытай елінде сауда орнынан тауар алған адамдар түбіртекті арнайы сайтқа тіркейді. Сөйтіп, қаржысының белгілі бөлігін қайтарып алады екен. Бұл бастама халықтың түбіртек талап етуіне, сол арқылы салық түсімінің тұрақты жүргізілуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз. Одан бөлек, Германияда көлеңке¬лі экономикамен күресте заңсыз еңбек нарығын бақылап, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеріп, саяси тұлғалардың қаржысын тексеріп, нәтижеге жеткенін көріп отырмыз.

Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық. Ал біздің ауданда бұл бағыттағы ахуал қандай? Жаңақорған аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мырзанұлы Мұсаевпен  жолығып, сұқбаттасқан едік.

– Салық қызметі – маңызды мемлекеттік құрылымдардың бірі болып табылады. Елдің қаржылық ахуалының тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қызмет етуіне қатысты. Ал біздің жұмысымыздағы басты көрсеткіш бюджетке түсім болып саналады.

Салық төлеу – мемлекеттің әлеуметтік құрылымына қосылған үлес. Бұл дегеніміз біз үшін маңызды саналатын мектептер, ауруханалар, балалар бақшалары, басқа да құрылыстар. Біздің көрікті көшелеріміз, жақсы демалыс орындарымыз болуы да салыққа қатысты. Ендеше әрбір салық төлеуші өз міндетін кең ауқымда ойланса дұрыс болар еді. Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен үстіміздегі жылдың 1 тоқсанына мемлекеттік бюджет жоспары 21 156 876,0 мың теңге, түскен түсім – 20 650 375,4 мың теңге болып, жоспар 97,6 пайызға, яғни бекітілген болжам 506 500,6 мың теңгеге кем орындалды. Ал, былтырғы жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 126,2 пайыз немесе 4 284 318,8 мың теңгеге артып орындалып отыр. Жергілікті бюджетке  2 109 031,6 мың теңге түсім түсіп, 201,7 пайызға орындалды немесе 1 063 376,6 мың теңгеге артық түсті. Өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда өсу қарқыны 119,6 пайыз немесе 345 310,7 теңгеге артық орындалды. Аудандық бюджетке 1 368 759,3 мың теңге түсіп, 133,9 пайызға орындалды яғни 346 874,3 мың теңге түсім артық түсті. Өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда өсу қарқыны 122,9 пайыз немесе 255 363,8 мың теңгеге артық орындалды. Жыл қорытындысымен болжамның толық және сапалы орындалуына жұмыс жасалуда.

Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері бойынша 745 заңды тұлға, 5554 дара кәсіпкер және 1021 шаруа қожалығы тіркеу есебінде тұр. Шыны керек, қазір аудан көлемінде заңсыз сауда, яғни салық төлеуден жалтарып, кірістер басқармасына тіркелмейтіндер көп. Көлеңкелі экономиканың тежеу жолы бірінші салық органына тіркелмей жұмыс жасайтын тұлғаларды тіркетіп тиісті салығын төлету. 2023 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий алынып тасталған. Сонымен қатар айналым сомасынан, яғни табысынан төленетін салықты төлеу міндеттелген. Алайда 2023 жылдың қорытындысымен тапсырған салық есептілігі бойынша 5301 салық төлеушінің 1640 салық төлеушісі салық есептілігін тапсырмағаны анықталып отыр. Осыған байланысты Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 1640 салық төлеушіге бұзушылықты қалпына келтіру үшін хабарлама шығарылды. Хабарламаны орындамаған жағдайда банкілік есеп шоты жабылып тиісті шарасы қарастырылады. Содай-ақ, 630 салық төлеуші салық есептілігін 0-мен тапсырганы анықталып аталған салық төлеушілермен жұмыстар жасалуда. Камералдық бақылау жұмыстар нәтижесінде 37 салық төлеушіге 56 797,2 мың теңге бұзушылықты қалпына келтіру үшін хабарлама шығарылып, оның республикалық бюджеттен 13 салық төлеушіден 28 284,6 мың теңге, жергілгілікті бюджеттен 4 салық төлеушіден 1 103,3 мың теңге қосымша салық өндірілді. 

Дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғаларға тексеру жүргізілуде. 2024 жылы 5 тұлға анықталып шара көруге сотқа жолданды. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда ауданда сауда орындары көптен салынуда. Алайда кәсіпкерлік мақсаттағы мүлік салығын төлеуге асығар емес. Осыған байланысты барлық ғимараттардың есебі уәкілетті орган алынып түгелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұзушылық анықталған жағдайда хабарлама шығарылып банкі есеп шоты жабылатын болады.

Сондай ақ тексеруге маратория аяқталғанымен барлық кәсіпкерлерге тексеру жүргізіле бермейді. Тек тәуекелі жоғары салық төлеушілерге, яғни мерзімінде салық есептілігін тапсырмаған, хабарламаны орындамаған, карызын уақтылы төлемеген салық төлеушілерге ғана тексеру жүргізілуі мүмкін. Сонымен қатар ірі сауда орындарының тарсырған Салық есептілігіне талдау жүргізіліп табысын аз көрсеткен жағдайда хронометраждық тексеру жүргізіледі.

Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық.

 

Тағы да оқыңыз: