Kyzylorda-news.kz. Сыр өңіріндегі бренд тауарлардың бірі – балық өнімдері. Облыста 9 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап, балықтың 14 түрі экспортталады. Оның 4-уінде «Еврокод» Еуропалық сапа стандартына растайтын белгісі бар.
Ішкі және сыртқы нарыққа шығатын балық өндірісін әрі қарай жетілдіру үшін аймақта балық шаруашалығын дамытудың 2030 жылға дейін бағдарламасы әзірленді.
Осы орайда бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісовпен кездесті.
Басқосуға әкім орынбасары, аппарат басшысы және жауапты сала мамандары қатысты.
Аймақ басшысы балық шаруашылығы облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін айтып, мұндағы бірқатар мәселелерді тізбектеді.
«Соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында қалыптасқан су тапшылығы балық шаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізуде. Бүгінгі күні 207 көлдің орташа толуы 51 пайыз шамасында болса, 126 көлге мүлдем су түспеуде, 17 көл толық тартылған. Егер, көлдерге қосымша су түспесе, 126 көлдің де күзге дейін құрғап қалу қауіпі бар. Кіші Арал теңізінің жағдайы күрделі, теңіз жағалауы өз жағасынан 15-20 метрге тартылған. Осы мәселе туралы Үкімет басшысына баяндадық, жақын арада көрші мемлекет Премьер-Министрларының қатысуымен арнайы жиын өткізілмек. Сондықтан қазіргі таңда бірігіп, жүйелі жұмыс істеуіміз керек», – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов аталған мәселе бойынша бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда балық шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейін бағдарламасы әзірленді. Былтыр Қызылорда облысы барлық индикаторларын орындады. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс жасап, даму қарқынын бірге шешуіміз керек», – деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыс аумағынан балықтың 18 түрі ауланады. 2020 жылы 4303 тонна балық өнімдері экспортталды.
2021 жылы 3911 тонна балық Ресей Федерациясы, Польша, Литва, Нидерланды, Грузия, Германия, Украина, Қырғызстан, Австрия, Әзірбайжан елдеріне экспортталды. Экспортталатын балықтардың негізгі түрлері тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке. Сондай-ақ, өңделген өнімдер түрінде көксерке сүбесі, тыран қанаттары, балық фаршы, балық сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны шетелге саудаланады.