Kyzylorda-news.kz. «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы шағын кәсіпкерлердің жаңашыл жобалары үшін мемлекеттік гранттар беруге 261 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде тек 18-29 жас аралығындағы кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына 250 млн. теңге қаржы бағытталады. Жас кәсіпкерлердің 70-тен астам жобасы конкурстық негізде іріктеледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.
«Биыл бағдарламаға Үкіметпен бірқатар өзгерістер енгізілді. Яғни, бұған дейін конкурсқа қатысу үшін кәсіпкерлерге кәсіпкерлік негіздерінен оқудан өткендігін растайтын сертификатпен қатысу міндеттелген болса, Үкіметпен енгізілген өзгерістерге сәйкес кәсіпкерлер сертификатты қажет болған жағдайда тапсыру мүмкіндігі қарастырылды. Алдағы конкурстық іріктеу осы жылдың шілде айында басталады. Конкурсқа құжаттар қабылдау үшін алдын-ала облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілеріне хабарландыру беріледі», – деді Фердоуси Әбілқасымұлы.
Жалпы осы уақытқа дейін 500-ден астам жобаға 612 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік гранттар берілді. Бағдарлама талаптарына сәйкес, жобалардың іске асуына, грант қаражаттарының мақсатты жұмсалуы мен жұмыс орындарының құрылуына қаржы агенттігі ретінде “Даму” КДҚ” АҚ тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Бүгінге дейін мониторинг нәтижесімен 22 жобаға берілген грант қаражаты мақсатсыз жұмсалғаны анықталып, 23 млн. 783 мың теңге қаражат сот арқылы өндірілді.