Kyzylorda-news.kz. Су үнемдеу шараларының аясында биыл Қызылорда облысында 5 мың гектар күріш алқабы қысқарды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында осындай дерек келтірді. «Алматы облысында су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің егістігін 1 мың гектарға азайтты. Облыстың барлық су қоймалары вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді.
Жамбыл облысында да, бұрын айтылғандай, мемлекетаралық пайдалану объектілеріне су беру кестелері бекітілді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыс аумағында суару желілерін реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. Суармалы су беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылуда», – деді ведомство басшысы. Оның мәліметінше, Түркістан облысында биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылған.
«Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 5 мың гектарға аз. Сондай-ақ, Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді», – деді Серікқали Брекешев. Министрдің айтуынша, биыл Шардараға 5 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік бар.